Бүгін Алматының Медеу ауданындағы сайлау учаскелерінде туған қала туралы әндермен қатар, сайлаушылардың орындауындағы танымал хиттер де шырқалып жатыр. Мұнда «Сайлаушымен бірге ән шырқа» атты музыкалық акция ұйымдастырылды.
Мұндай формат аудан тұрғындарына алдыңғы сайлаудан таныс. Сондықтан ұйымдастырушылар бұл жолы да қала тұрғындарына ән айту қабілетін көрсетуге мүмкіндік беруді ұйғарған.
Көпшілік дауыс бергеннен кейін бірден тарауға асықпайды. Бірі қолына микрофон алса, енді бірі әнге қосылып, би билеп жүр. Караоке әсіресе жастарға ұнаған.
«Құрбыларыммен бірге дауыс беруге келдік. Мұнда ән айтуға да болады екен. Бізге Қайрат Нұртастың әндері ұнайды, оларға билеуге де болады. Көңіл күйіміз керемет! Баршаңызды қалалық мәслихат депутаттарының сайлауына қатысып, көтеріңкі көңіл күй алуға шақырамын», – деді Гүлмаржан Айдосқызы.
Караоке Бауыржан Момышұлы атындағы №131 мектеп-гимназияда орналасқан №379, №381 және №382 сайлау учаскелерінде ұйымдастырылды. №382 учаскеде сағат 09:00-ге дейін 70-тен астам адам дауыс беріп үлгерген.
Самал-2 шағынауданының тұрғындары үшін ауыл шаруашылығы өнімдері мен қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Жергілікті шеберлер өздері жасаған ойыншықтарды, тоқылған бұйымдар мен полимерлі балшықтан әзірленген әшекейлерді ұсынды.
«Барлығын өзіміз жасаймыз: тоқимыз, тігеміз», – деді жәрмеңкеге қатысушылардың бірі.
Еске салайық, бүгін Алматыда қалалық мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Қалада 670 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 41-інде бір күндік тіркеу қызметі қолжетімді.
Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
