Ақмола облысында туған 20 миллионыншы баланың біріне 2 млн теңгенің сертификаты табыс етілді. Аймақ басшысы перзентханаға барып, сәбидің ата-анасын құттықтады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты еліміздің жиырма миллионыншы тұрғынының дүниеге келуімен құттықтады! Осынау атаулы оқиғаға біз де қуаныштымыз. Еліміздің жиырма миллионыншы тұрғыны болып өмір есігін ашқан перзенттің Ақмола облысының ерекше бір көркем, көрікті, сұлу жері Бурабайда дүниеге келуі біз үшін тіпті ерекше сый! Бала қай жерде туса да, бүкіл Қазақстан халқының қуанышы. Мемлекет денсаулық сақтау мен білімге көп көңіл бөледі, біздің балаларымыз жақсы білім мен медициналық көмек ала отырып, қолайлы ортада өсуі керек. Бұл Отанымыздың тұрақтылығы мен өркендеуінің жарқын айғағы, - деп атап өтті Марат Ахметжанов.Жаңа туған сәбидің ата-анасы қуанышына ортақтасқан облыс басшылығына алғысын білдірді.
Біздің отбасымыз үшін бұл күтпеген және өте қуанышты күн! Бұл біздің екінші баламыз! Баршаңызға бейбіт аспан тілеймін! Біз өз тарапымыздан балаларымыздың бақытты отбасында және бейбіт мемлекетте өсуіне ықпал етеміз, - деді баланың әкесі Айдар Исенов.
