Павлодар қаласындағы ақпараттық технологиялар колледжінің 3-курс студенті Даниил Барт Google компаниясынан Берлинде өтетін халықаралық Google I/O – 2025 конференциясына арнайы шақырту алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған іс-шара Еуропа, Азия, Таяу Шығыс пен Африка елдерінің үздік мамандарын біріктіретін ауқымды технологиялық алаң болып табылады. Конференция жасанды интеллект, Android, бұлтты платформалар мен веб-технологиялар саласындағы ең өзекті білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
«Осындай деңгейдегі шараға елімнің атынан қатысатыныма өте қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік әрі шабыт», – деді Даниил Барт.Google компаниясы тарапынан шақырту алған санаулы студенттердің бірі ретінде Даниил әлем бойынша техникалық құзыреттілікті растаудың қатаң талаптарынан сәтті өтті. Оның Google-пен серіктестігі 2023 жылы колледждің 1-курсында оқып жүрген кезінде басталған. Сол кезде ол Қазақстанда Google ұйымдастырған техникалық іс-шаралар мен байқауларды өткізетін команда құрамына енген. Бағдарламалауға қызығушылығы мектеп жасында оянған Даниил кейін колледж қабырғасында түрлі IT-байқаулар мен хакатондарға белсенді қатысып, бірқатар жетістікке жетті. 2023 жылы WorldSkills Kazakhstan байқауында алтын медаль иеленіп, 2024 жылы Иранда өткен халықаралық турнирде үздік ондықтың қатарынан көрінді.