Ақтауда халықаралық теңіз портының президенті Абай Түрікпенбаев ұсталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі orda.kz-ке сілтеме жасап.
«Порт президенті қамауға алынғаны жайлы ақпаратты бірнеше дереккөз растады. Оның ішінде құқық қорғау органдары да бар. Біздің мәліметімізше, Түрікпенбаев қазір тергеу изоляторында отыр. Оның ісі бойынша тергеуді ҰҚК қолға алған»,—делінген хабарламада.
Ұсталған Абай Түрікпенбаевқа қатысты қылмыстық іс мұнай контрабандасымен байланысты болуы мүмкін. 2023 жылдың шілдесінде «БатысНефтеТрэйд» ЖШС-не тиесілі «Мелиана» танкері арқылы Қазақстаннан заңсыз мұнай жөнелтпек болған. Алайда ҰҚК бұл операцияның егжей-тегжейін әлі күнге дейін ашып айтқан жоқ.
Айта кетейік, Абай Түрікпенбаев бұл қызметке 2017 жылы тағайындалған. Оның алдында Құрық портының бас директоры, Ақтау портының техникалық мәселелер жөніндегі вице-президенті қызметтерін атқарған.