Америкалық көп мәрте қолданылатын New Shepard зымыраны сенбі күні алты туристтен құралған экипажбен суборбиталық коммерциялық ұшуды сәтті жүзеге асырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Report басылымының хабарлауынша, бұл туралы зымыранды жасаушы Blue Origin компаниясы мәлімдеген.
NS-32 миссиясы экипажының құрамына Жаңа Зеландиялық кәсіпкер Марк Рокет, канадалық бизнесмен Джесси Уильямс, панамалық дипломат Хайме Алеман, америкалық девелопер Пол Джерис, Гарвард пен Йель университеттерінің түлегі, радиолог Гретчен Грин және Техастан келген мұғалім Аймэтт Медина Хорхе кірді. Оның ұшуын мексикалық Farmacias Similares компаниясы қаржыландырған.
New Shepard зымыраны Техас штатының батысындағы Ван-Хорн қаласына жақын орналасқан Corn Ranch ұшу алаңынан шығыс жағалауы уақыты бойынша сағат 09:30-да (Баку уақытымен 17:30) ұшырылды. Ұшу шамамен 10 минутқа созылды.
Ұшудан кейін капсула парашют жүйесінің көмегімен жұмсақ қонды. Ал зымыран тасығыш марштық қозғалтқыш арқылы өздігінен төмендеп, ұшу алаңы маңына тігінен қонды.
New Shepard – ғарыш шекарасына бағытталған коммерциялық туристік ұшуларға арналған көп мәрте қолданылатын зымыран. Ол бір сатылы, ұзындығы 18 метрлік тасығыш пен алты адамға арналған капсуладан тұрады. Зымыран апаттық құтқару жүйесімен және парашюттермен жабдықталған.
New Shepard бағдарламасы аясында бүгінде экипажбен 12 сәтті суборбиталық миссия жүзеге асырылды. Жалпы 64 турист Жер атмосферасы мен ғарыштың шекарасына дейін барып қайтты.
Зымыранмен ұшу құны – 500 мың АҚШ доллары.