Тараздағы университет ректоры "кемсітушілікке" жол берді деген күдікке ілікті

1065
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2024/04/img_3088-960x500.jpeg?token=664ddd8fe4310046d3c92bd263889b17

Ашылғанына бір жыл болған Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ректоры оқытушыларды «Оңтүстік өңірден» болғаны үшін жұмыстан босатқан деген ақпарат тарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Еуразия арнасының жаңалықтар қызметіне сілтеп.

Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін былтыр Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті екіге бөлініп, жаңадан ұлттық мәртебеге ие оқу орны құрылған болатын. Жаңа университетке өткен оқытушылар еңбек демалысына шыға алмай, ал еңбек келісімшарттары жарты жылда төрт рет өзгерген. Осы уақыт ішінде басшылық 30-ға жуық маманды жұмыстан босатқан.

Сұхбат берген оқытушы мән-жайды айтты.

«Оңтүстіктікілер – топас, жемқор. Сендермен жұмыс істей алмаймын. Солтүстіктен мамандар шақыртуыма тура келеді» – деп мәлімдеген.

Мұндай пікір академиялық ортада өңірлік кемсітушілік

ретінде сынға алынды.

«Техника ғылымдарының докторы, профессор Сейітхан Қойбақов пен техника ғылымдарының кандидаты, доцент Рахима Жұрумбаева секілді білікті гидротехниктер жұмыссыз қалды», – дейді аға оқытушы Алтай Игіліков.

Оқытушылар жалақының аздығына, жұмыс жағдайының нашарлығына да шағымдануда. Ал студенттердің жағдайы да мәз емес екенін атап өтті.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл жағдайдан хабардар екенін айтып, оны "коммуникациялық қателік" деп бағалады.

«Мен өзім міндеттеме алдым. Университетке бірнеше рет арнайы жұмыс тобымен барып, ішкі мәселелерді шешеміз. Мықты орынбасарлар жібереміз», – деді министр.

Министрліктің мәліметінше, университеттің материалдық базасын нығайту үшін 5,5 миллиард теңге қажет, соның 3,5 миллиарды биыл бөлінбек.

Comments