Жексенбі күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жарлығымен Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қызметінен босатты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Бұған дейін Руслан Жақсылықов әскердегі адам өліміне байланысты қоғам сынына қалған. Жоғары шенді шенеуніктің осыған байланысты орынсыз жауап бергені де наразылық тудырған. Оның мемлекетттік тілге шорқақтығы да талай сыналған. Соңғы кездері адамдарды әскерге күштеп әкету оқиғалары да жиілеген.
Одан бөлек, Руслан Жақсылықов осыдан тура бір ай бұрын Жеңістің 80 жылдығында Мәскеуге жасаған сапары барысында Ресеймен қарым-қатынас жайында "Біз қонақ емеспіз. Біз – достармыз, одақтаспыз және қарулас бауырлармыз"- деп атап өтіп, елімізде өткен парадты "Отан қорғаушылар күніне орай емес, Жеңіс күніне арнайы өткізілгенін" айтқан еді.
Мұның сыртында біраз бұрын жұбайы және 3 баласымен әскери киім киіп, медальдармен жасаған фотосессиясы халық арасында кеңінен талқыланған еді.
Руслан Жақсылықов Қаңтар оқиғасынан кейін 2022 жылғы 19 қаңтардан бастап Қорғаныс министрі болып тағайындалған болатын. Кейін қайтара тағайындалған кездері болды.
Жақсылықовтың орнына Мемлекет басшысының бүгінгі Жарлығымен Дәурен Қосанов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалды.
Дәурен Қосанов бұған дейін Қорғаныс министрінің орынбасары – Қазақстан Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы қызметін атқарған.
55 жастағы генерал-лейтенант авиация Дәурен Қосанов Армавир жоғары әскери ұшқыштар авиациялық училищесін (1990 ж.), Ю.А. Гагарин атындағы Әуе күштері академиясын, сондай-ақ Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын тәмамдаған.
Ол «Әскери ұшқыш-мерген» атағының иегері.