Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы қоғамда кеңінен талқыланып жатқан ниқаб мәселесіне қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды “Адырна”.
Негізгі түйіндер:
- Шариғатқа сәйкес, әйелдің жүзі мен алақандары әурет яғни, басқа адамдардың көзінен жабық болуы тиіс дене мүшелері болып саналмайды;
- Ниқаб кию – міндет емес. Әйел адам ниқаб кимесе, ол күнә жасаған болып саналмайды. Кейбір жағдайларда ниқаб кию мәкрүһ (қалаусыз іс) саналады, мысалы, намаз оқу кезінде. Ал кей жағдайларда ниқаб кию — харам. Мәселен, қажылық кезінде ниқаб киюге тыйым салынған;
- Қазіргі таңда Қырғызстанда ниқаб кию қажеттілігі жоқ.Бетін жаппаған әйелдерге қауіп төніп тұрған жоқ. Мемлекет мықты, азаматтардың қауіпсіздігі бақылауда. Қоғамның салт-дәстүріне қайшы келетін пәтуалар шығарылмайды. Ниқаб — біздің қоғамға жат құбылыс;
- Қазіргі заманда ниқаб киюді желеу етіп, арандатушылар қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан адамның түрі танылатындай ашық жүруі маңызды;
- Дін мәселелерінде тек шариғаттағы дәлелдерге сүйену қажет. Дінді бұрмалау, жеке мүдде үшін пайдалану, арандатушылық жасау мен дінді саясиландыру — Алланың алдында үлкен күнә болып саналады.
Айта кетейік, Қырғызстанда қоғамдық орындарда ниқаб кигені үшін 20 мың сом көлемінде айыппұл салу қарастырылған.