Сенатта бет-жүзді жауып тұратын киімдерге тыйым салу туралы заңнамаға түзетулер енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Бұл бастамаға қатысты қоғамдық пікір әртүрлі. Бірі билікті қолдаса, енді бірі құқығының тапталатынын алға тартуда. Философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы «Адырна» тілшісіне берген сұхбатында мұндай қадамның діни негіздерге қайшы емес екенін мәлімдеді.
«Дінде адамның бет-жүзін жабу керек деген талап жоқ. Бұл көбіне дәстүрмен байланысты болады. Таяу Шығыс қоғамында климаттық ерекшеліктерге байланысты әйел адамдардың қара киім киіп, бет-жүзін бүркемелеп жүру дәстүрі бар. Оның шығу тегіне байланысты әртүрлі пікір айтылады. Десе де, біздің қоғам үшін бет-әлпетті жауып жүру – жат дүние. Мұсылман дінінің ханафи бағытында да адамның бет-жүзі әурет жерге жатпайды»,—деді ол.
Дінтанушы мемлекет діни радикализмге заң жүзінде шектеу қоймаса, бұл қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өтті.
«Елімізде радикалды топтарға кіруші, еліктеуші жандардың қатары көбейіп барады. Бұл — алаңдаушылық туғызатын жағдай. Сондықтан да мемлекет дінге, әсіресе, радикалды позицияларға заң тұрғысынан шектеу
Сондай-ақ дінтанушы Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін ескере отырып, дін ұстанушылар заңға құрметпен қарап, мемлекетпен келісімде жұмыс істеуі тиіс екенін еске салды.
«Мемлекет дін туралы ұстанымдары мен саясатын белгілі бір заңнама негізінде бекіткен. Сол себепті дін ұстанушылар оған түсіністікпен қарауы тиіс. Біздің елімізде билік жеке сенім мен құлшылық-ғибадатқа, діни сенім бостандығына араласпайды. Десе де, бұл өз білгенімізді істеуге рұқсат берілген деген сөз емес. Қазақстан зайырлы ел болғандықтан, билік әртүрлі конфессияға бірдей талап қойып, бақылау орнатуға құқылы. Бұл мәселеде конфессия өкілдері мемлекетпен келісімге келіп, діни сенім бостандығын жүзеге асыруы қажет»,—деп түйіндеді ол.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда бет-әлпетті жауып тұратын киімдерге тыйым салынуы мүмкін екенін жазған едік.
Әңгімелескен: Бердібек Рауан Ерланұлы