Қазақстанда экономика құрылымын әртараптандыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында 17 ірі инвестициялық мегажоба іске асырылып жатыр. Бұл туралы қаржы саласының маманы, журналист Айбар Олжаев айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Жобалардың жалпы құны – 14,6 триллион теңге, бұл Ұлттық қордың шамамен жартысына тең немесе республикалық бюджеттің кіріс бөлігінен сәл артық көрсеткіш. Сарапшының айтуынша, бұл бастамалар еліміздің нақты экономикасын түбегейлі жаңартуға бағытталған.
«17 жобаның 9-ы индустрия мен құрылыс бағытында. 4 энергетикалық жоба бар. Ауыл шаруашылығында екі жоба, туризмде екі жоба. Осы жобалардың барлығы жұмыс істеген кезде біздің ішкі жалпы өнімімізге 7,3 миллиард АҚШ доллары қосылады. 26,4 мың тұрақты жұмыс орны ашылуы тиіс»,—деді ол.
Айбар Олжаев бұл тақырыпты тереңірек ашып, алдағы екі апта ішінде әр мегажобаға жеке тоқталатын материалдар топтамасын жариялайтынын айтты. «Осы “17 мегажоба” циклін парақшамнан оқып жүріңіз. Әр жоба бойынша нақты деректермен бөлісемін», – деп жазды ол.