Қазақстан алғаш рет Страсбургте өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының (ГРЕКО) 100-пленарлық отырысында бағалаушы ел ретінде қатысты. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.
«Еуропа Кеңесінің ғимаратында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының (ГРЕКО) 100-пленарлық отырысы өтті. Осы отырыс аясында Қазақстан Республикасы алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұсыныстардың орындалуын бағалауға бағытталған Бесінші бағалау кезеңінде бағалаушы ел ретінде қатысты», – делінген хабарламада.
ГРЕКО Хатшылығының шешімімен Қазақстанға Чех Республикасындағы құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты ұсыныстардың орындалуын бағалау тапсырылған.
Бағалау бойынша серіктес ел ретінде Финляндия танылды, ол Чехияның орталық мемлекеттік органдарындағы ұсыныстардың орындалуын талдауға жауапты
Қазақстан атынан отырысқа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Сағыныш Аяғанова қатысты.
Ол ұлттық сарапшы ретінде жүргізілген талдау нәтижелерін таныстырып, оның негізінде есеп мақұлданған.
Хабарламада атап өтілгендей, алдағы Алтыншы бағалау кезеңіне ерекше назар аударылды. Бұл кезеңде өңірлік деңгейде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері азаматтық қоғамның қатысуымен қаралады.
«Осы кезеңдегі алғашқы бағалаулар Эстония, Словакия, Люксембург және Словенияда өтеді. Сонымен қатар Қазақстанның Алтыншы кезеңге бағалаушы ел ретінде қатысу мүмкіндігі талқыланды. Бұл еліміздің халықаралық аренада адалдық пен ашықтықты нығайту бағытындағы дәйекті саясатының заңды жалғасы болмақ», – делінген мәліметте.