Астаналық автопарк аяғынан айырылған Алуа мен оның отбасына өмір бойы қолдау көрсететін болды

831
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/06/image-16.png

Астана қаласындағы №1 автопарк жол апатынан кейін екі аяғынан айырылған Алуа есімді бүлдіршін мен оның отбасына өмір бойы материалдық қолдау көрсететінін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Алуаның туыстары әлеуметтік желідегі қайырымдылық парақшасында 11 маусым күні автопарктің басқарма төрағасы Мадияр Тұқпатовпен кездесу өткенін жазды. Кездесу барысында автопарк өкілі болған оқиға үшін жауапкершілікті мойнына алып, Алуа мен оның анасы Махаббаттың төрт баласына да лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету міндеттемесін алғанын жеткізген.

«Қыздың отбасы заңгерлер мен экономистердің көмегімен инфляцияны ескере отырып, қажетті шығындарды есептеп жатыр. Есептеулер аяқталған соң, автопарк

пен отбасы арасында ресми келісімшарт жасалып, төлемдер басталады», – делінген хабарламада.

Алуаның жақындары қолдау білдіріп, көмек көрсеткен барша азаматтарға алғыс білдірді.

«Алуа үшін дұға етіп, қайғымызбен бөліскен, сөзбен де, іспен де жәрдемдескен әрбір адамға шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Сіздердің арқаларыңызда біз жалғыз еместігімізді сезіндік», – деп жазды олар.

Еске салайық, Астанада орын алған жол апатынан 15 адам зардап шеккен, оның ішінде 6 бала бар. 2017 жылы туған Алуа алған ауыр жарақаттар салдарынан екі аяғынан айырылды. Жол-көлік оқиғасына кінәлі автобус жүргізушісі қамауға алынды.

Comments