Израиль Иранды зымырандармен төмпештеді. Төтенше жағдай жарияланды

712
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/06/snimok-ekrana-168.png

Бейсенбі күні түнде Израиль Ирандағы нысандарға соққы жасай бастады. Ел билігі Иранның ядролық бағдарламасына шабуыл жасағандарын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы BBC-ге сілтеме жасап.

Қазір елде Тегераннан келуі мүмкін жауап соққыларын күтіп, төтенше жағдай жарияланған.

«Біз Иранның ядролық бағдарламасының жүрегіне соққы бердік. Нысана ретінде Натанздағы уран байыту бойынша басты объект таңдалды.  Сонымен қатар, біз Иранның баллистикалық зымыран жасау бағдарламасының өзегіне де соққы жасадық», - деді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бейнеүндеуінде.

Ол сонымен бірге әскери күштердің ирандық ядролық ғалымдарға да соққы жасағанын атап өтті.

Нетаньяхудың айтуынша, операция Иран тарапынан келетін қауіп жойылғанша қанша күн қажет болса, сонша уақыт жалғасады.

Операцияның басталғанын хабарлай отырып, Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац елде «ерекше төтенше жағдай» енгізілгенін мәлімдеді және Иранның қарсы соққысы жақын арада болады деп күтілуде.

«Израиль мемлекетінің Иранға жасаған алдын алу соққысынан кейін жақында Израиль мен оның бейбіт тұрғындарына зымыран және дронмен шабуыл жасалуы мүмкін», - делінген мәлімдемеде.

Израильдің Иранға жасаған шабуылы кезінде Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының бас штабының бастығы Хоссейн Салами мен исламдық Азад университетінің президенті Мохаммад Техранчи қаза тапқан.

IRNA агенттігінің деректеріне сүйенсек, Иран қарулы күштері бас қолбасшысының орынбасары генерал Голамали Рашид және 2011–2013 жылдары Атом энергетикасы ұйымын басқарған атомшы-ғалым Ферейдун Аббаси де көз жұмған.

Басылымның жазуынша, Израиль операцияны иран армиясының жоғары шенді қолбасшылары тұратын аудандарда жүргізген. Шабуыл салдарынан Иран армиясы бас штабының басшысы мен бірнеше танымал ядролық ғалымдар қаза тапты.

Comments