Ата-анасы алтындай баламыз деп құс қондырмай өсірген Қуандық Төкеновтың желтоқсан көтерілісі салдарынан көрген азабы жан түршігерлік. Тағдырын желтоқсан көтерілісі талқандаған тағы бір азамат туралы білгілеріңіз келсе, шағын естелікке назар аударыңыз, оқырман!«Төкенов Қуандық Сәтұлы – мектеп жасынан бастап оқуда белсенділік танытып, ауылда музыкалық білім беретін мекеме болмаса да кез-келген аспапта еркін ойнайтын, еркін ойлайтын азамат еді. Политехникалық институттың ұлттық аспаптар көркем өнерпаздар оркестрінде ойнап, кәсіби мамандармен тең дәрежелі болғанымен қоймай, халық ықыласына бөленіп, Мәскеуге дейін концерт қойып келді. Қазақ тарихын тереңінен зерттеу жолында да еңбек етті. Тұнып-тұрған энциклопедия дерсің. Батырлар жырынан бастап, зар-заман ақындарының өлеңдерін сарнап отыратын. Тіпті «1 күннің ішінде «Жігіт сұлтаны» байқауына қатысу керек» деген тапсырма келгенде, еш дайындықсыз бірінші орынды қанжығасына байлап қайтқан. Солтүстіктен болса да қазақилықты аңсап, намыс туын биік ұстаған азаматтардың қатарынан еді» деп еске алады Қуандық Төкеновтың қарындасы Роза Сәтқызы. Роза Сәтқызының өз аузынан айтқан деректеріне сүйенсек, «Тәуелсіздік алу жолында жастар алаңға шықты» деген хабар келген бойда Рыскүл есімді тәтесі отыра қалып «Қуан кетті, кетті, енді сотталады» деп жылап жіберіпті. Себебі жастайынан «қасық қаным қалғанша ұлтыма қызмет етемін» деген ұранды берік ұстанатын Қуан ағаның мінезі жақындарына аян. Тәте-жездесі секем алғаннан бастап, Қуан мырзаны досымен бірге тауып, үйге әкеліп, сыртынан қамап кеткен екен.





Иә, бүгінде «жалған желтоқсандықтар» қаптаған заманда Қуандық Төкенов секілді азаматтарды табу, оларды ұрпаққа үлгі ету журналист біткеннің қасиетті парызы деп есептейміз. Жыл сайын желтоқсан айының алғашқы аптасында мектептерде өтетін тәрбие сағаттары, сайт беттерінде жазылып жатқан мақалалар жеткіліксіз. Сондықтан істің соқпағы қауіпті арнаға бет бұрғызса да, зерттеуді жалғастырамыз. Желтоқсан көтерілісінен зардап шеккендердің есімі халық санасынан көмескіленбеуі тиіс.
Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ,
«Адырна» ұлттық порталы