«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып Талғат Алдыбергенов тағайындалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ агенттігіне сілтеп.
Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов ұлттық компания ұжымына таныстыру барысында мәлім етті. Талғат Сағиұлы Алдыбергенов бұған дейін «ҚТЖ» басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
Ұлттық компанияның мәліметінше, Алдыбергеновтің теміржол саласында 35 жылдан астам тәжірибесі бар. Ол Алматы теміржол көлігі инженерлері институтын «Теміржол көлігіндегі тасымалды ұйымдастыру және басқару» мамандығы бойынша үздік бітірген. Сонымен қатар Ресей президенті жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының экономика магистрі (қызыл диплом) және экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесі бар.
2024 жылдан бері Алдыбергенов «ҚТЖ» басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарса, бұған дейінгі жылдары бірқатар ірі компанияларда басшылық қызметтерде болған. Атап айтқанда, 2008-2019 жылдары «Кедентранссервис» АҚ президенті, «АвтоГазАлматы» ЖШС бас директоры, «Kazakhmys Maker» ЖШС басқарма төрағасы қызметтерін атқарған. 1998-2007 жылдары ол «Қазақстан темір жолы» компаниясының Ақтөбе филиалын, «Казтранссервис» мемлекеттік кәсіпорнын және «ҚазМұнайГаз» сауда үйінің көлік логистикасы департаментін басқарған.
Айта кетейік, ҚТЖ-ны 2021 жылдың сәуірінен бастап басқарған Нұрлан Сауранбаев жуырда ҚР Көлік министрі болып тағайындалған еді. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экс-министр Марат Қарабаевқа жұмыстағы кемшіліктері үшін сөгіс жариялап, қызметінен босатқан болатын.