АҚШ пен Қытай өзара баж салығын енгізуді тағы 90 күнге шегерді

2018
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/pguyIM2gOqGq1DcClLOCQS4LdmbLAF647iM1y7oa.webp

Фото: REUTERS

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытаймен сауда бітімінің мерзімі аяқталуға қалғанда, Қытай импортындағы жоғары кедендік баждарды енгізуді тағы 90 күнге шегерді. Дәл осындай қадамды АҚШ-тан келетін импортқа қатысты Қытай да синхронды түрде жасады. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды "Адырна".

11 тамыз күні алдымен америкалық БАҚ Ақ үйдің анонимді қызметкерлеріне сілтеме жасап, Трамптың жаңа кейінге қалдыру туралы жарлыққа қол қойғанын хабарлады. Бірнеше сағаттан кейін бұл ақпаратты АҚШ президентінің өзі растады.

«Мен Қытайға қатысты баж салығын тағы 90 күнге шегеретін жарлыққа енді ғана қол қойдым», — деп мәлімдеді Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде.

Трамппен шамамен бір уақытта Қытай да өз тарапынан осындай шешім қабылдағанын Қытайдың Сауда министрлігі жария етті. Министрлік Қытайдың АҚШ-тан келетін импортқа кедендік баж салығын 10% деңгейінде қалдыратынын және америкалық тауарларға қатысты бейкедендік кедергілер бойынша белгілі бір қадамдар жасайтынын мәлімдеді.

Атап өтілгендей, бұл жарлық болмаса, Қытайдың АҚШ-қа импортына салынатын баж салығы 145%-ға дейін көтерілетін еді. 

Бұған дейін ҚХР Сыртқы істер министрлігі Вашингтонның «теңдік, құрмет және өзара тиімділік негізінде» оң нәтижелерге ұмтылатынына үміт білдірді.

Еске сала кетсек, биылғы сәуір айында Трамп Қытайдан келетін тауарларға 125% баж салығын енгізді.

Американың енгізген салығына жауап ретінде Қытай 12 сәуірден бастап АҚШ тауарларына салынатын баж салығын 84%-дан 125%-ға дейін көтерді. 

Алайда мамыр айының басында Бейжің мен Вашингтон келіссөз жүргізу және бір-бірінің ұстанымдарын нақтылау үшін 90 күндік «бітімге» келісті. 

Өткен айда қытайлық және америкалық делегациялар Стокгольмде кездесті, «бітімді» тағы үш айға ұзарту туралы шешім сол жерде қабылданды деп саналады.

Америкалық БАҚ-тың хабарлауынша, Ақ үй шенеуніктері оптимистік көзқарастарын білдіріп, алдағы 90 күнде түпкілікті сауда келісімі жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. 

Пікірлер