«Қол-аяғым жоқ екенін қалай дәлелдеймін». Комиссия шешімі мүгедек азаматтың өмірін қиындатты

1974
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/OGuZCwsTyRSUoeyTgWIUwuFng2tmEP3jrqay0opo.webp

Атырау қаласының 62 жастағы тұрғыны Марат Мұханбетәлиевке бірінші топтағы мүгедектігі мен денсаулық жағдайының ауырлығына қарамастан, дәрігерлік-еңбек комиссиясы көмектесуден бас тартты. Бұл туралы  «АқЖайық» басылымы жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

«Жарты жылдан аса уақыт кабинеттен кабинетке жүгіріп жүрмін. Бірде емханаға, бірде қайтадан басқа жерге жібереді. Еңбек комиссиясы «құқығымыз жоқ» деп жауап береді. Құжат дұрыс толтырылмаған дейді, бірақ ол шындыққа жанаспайды. Травматолог қарады, медтексеруден өттім – бәрібір нәтиже жоқ. Шаршадым», – дейді ол.

Бұл мәселе жақында оның қатысуынсыз қаралған. Комиссия шешімінде ол денсаулығына байланысты қатыса алған жоқ деп көрсетілген. Ал Мараттың айтуынша, шақыру алмаған, шақырту жібергенде арнайы барып қатысу мүмкіндігі болған.

«Сонда менің орныма бәрін шешіп қойған. Ал мен жиналыс өткенін де білген жоқпын», – деп ашуланды ол.

Арбадан бөлек, ер адамға жөргек сияқты қарапайым күтім құралдары да берілмеген. Оларды тек елордадағы құрылымдар арқылы алуға тура келген.

Редакция жолдаған сауалға жауап ретінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті түсініктеме берді. Онда мүгедектерді арнаулы техникалық құралдармен, соның ішінде электржетекті кресло-арбалармен қамтамасыз ету жеке оңалту бағдарламасына және МӘС комиссиясының шешіміне сәйкес жүзеге асырылатыны айтылған.

Мұханбетәлиевтің жағдайында электрлі арбаны қолдануға қарсы көрсетілімдер анықталғандықтан, комиссия оны ұсынбаған.

«Мен енді кабинет жағалап жүре алмаймын. Қалай дәлелдеймін – қолым мен аяғым жоқ қой. Міне... жоқ. Өздері көрсе болды ғой», – дейді ол.

Пікірлер