Фото: ЖИ
Словакияның Тренчин қаласында төрт қазақстандық ақша бопсалау және адам ұрлау күдігімен ұсталды, деп хабарлайды “Адырна” TN-ге сілтеп.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер полиция қызметкерлерінің киімін киіп, жергілікті тұрғынның үйіне басып кіріп, кейін оны ұрып-соққан. Олардың жергілікті университетте оқитын студенттер екені айтылады.
БАҚ мәліметінше, бес жігіт өзіне қарызы бар деп есептеген ер адамды іздеген. Олар оны туысының үйінен таппақ болып, алдымен үйде болған әжесіне өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырған.
Күдіктілер қара түсті киім киіп, беттерін балаклавамен жасырған. Киімдерінде Словакияның Ұлттық қылмыс агенттігінің (NAKA) атауы жазылған. Үйге кірген соң бөлмелерді тінти бастаған. Болған жағдайдан үй иесі қатты қорыққан.
Кейін күдіктілер ер адамды тауып алып, оны соққыға жыққан деген болжам бар. Осыдан соң әйел жалған полицейлердің әрекетіне шағымданып, олардың құқық қорғау органдарына қатысы жоқ екенін анықтаған.
Полиция бес адамның төртеуін қолға түсірген. Бесінші күдікті оқиға орнынан қашып кеткен.
Әйел өзін полицей деп таныстырған адамдардың әрекетіне шағымданбақ болғанда, олардың полиция қызметкері емес екені анықталған. Кейін оқиғаға қатысы бар деген күдікпен 18 бен 21 жас аралығындағы төрт адам ұсталды. Тағы біреуі қашып кеткен.
Студенттердің бірінің адвокатының айтуынша, оның қорғауындағы азаматқа адамдар тобымен бірлесіп, бопсалау мақсатында адам ұрлады деген айып тағылған. Алайда қорғаушы тарап айыптау нұсқасымен келіспейді.
Айыпталушыларды қамауға алу туралы өтінішті сот 20 қарашада қарауы керек болған. Әзірше сот шешімі туралы ақпарат жарияланған жоқ.
Еске салайық, мұның алдында Қазақтын Сыртқы істер министрлігі Словакияда елдің 4 азаматы ұсталғанын растаған еді.
