Темір тор көрген президент өлім жазасын қайтаруды тапсырды

1652
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/XDWbWjUEhIOpVUU29ba92aCQ0T8gw6ysp1uA0N9i.jpg

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров құқықтық қамтамасыз ету басқармасына өлім жазасын қайтаруды тапсырды. Бұл туралы 1 қазанда мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Заңнамаға балалар, қыздар және әйелдерге қарсы қылмыстар үшін жазаны барынша қатаңдатуды көздейтін өзгерістер енгізу бойынша тапсырма берілді. Мемлекет басшысы балалар мен әйелдерге қарсы жасалған қылмыстар жазасыз қалмауы тиіс деп есептейді», – деді ол.

Бұл шешімді Жапаров Ыстықкөл облысында 17 жастағы Айсұлу есімді қыздың мерт болуына байланысты қабылдаған. Бойжеткен 27 қыркүйекте жоғалып кеткен. Құрбысына қонаққа барған қыз байланысқа шықпай қалған. Кейін оның денесі Боом шатқалынан табылды.

Күдікті ретінде 41 жастағы Бішкек тұрғыны ұсталып, уақытша қамау изоляторына жабылды. Тергеу нұсқасына сәйкес, ер адам қызды зорлап, артынша өлтіріп кеткен. Ұсталған күдікті қылмысын мойындады. Бұған қоса, оның бұған дейін тонау және кісі өлтіруге оқталу қылмыстары үшін сотталғаны анықталды.

Айта кетейік, Қырғызстанда өлім жазасы 2007 жылы күшін жойған еді. Ал 2010 жылғы желтоқсанда ел Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өлім жазасын жоюға бағытталған Екінші факультативтік хаттамасын ратификациялаған.

Пікірлер