Қазақ тағамтануының атасы

1401
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/sj6mIToNJFkX0jlYbLXUL21ZkBZC1UPDXvbvvWsU.webp

Бүгін, 19 қазан – Қазақ тағамтану академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті ғалым Төрегелді Шармановтың туғанына 95 жыл толды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Төрегелді Шарманов – Қазақстанның және әлемнің медицина ғылымы саласында биік беделге ие тұлға еді. Ол тағамтану ғылымының отандық мектебін қалыптастырып, ұлттық медицинаның дамуына зор үлес қосқан қайраткер болды.

Академик Шарманов 1930 жылы Қарағанды облысының Ұлытау ауданында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын және оның аспирантурасын тәмамдаған. Өзінің еңбек жолын 1958 жылы Ұлытау аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері ретінде бастап, кейін түрлі ғылыми және басқарушылық лауазымдарды атқарды.

  • 1962–1968 жылдары – Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі;
  • 1968–1971 жылдары – Ақтөбе медицина институтының ректоры;
  • 1971–1982 жылдары – Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі;
  • 1973 жылдан бастап – Тағамтану ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік етті;
  • 1985–1988 жылдары – Мәскеуде тағамтану кафедрасын басқарды;
  • 1995 жылдан – Профилактикалық медицина академиясының негізін қалаушы және президенті;
  • 1997 жылдан бастап – «Здоровье и болезнь» журналының бас редакторы болды.

Профессор Шармановтың негізгі ғылыми еңбектері тамақтану физиологиясына арналған. Ол адам ағзасындағы ақуыз және дәрумен жетіспеушілігі, мешел ауруының даму механизмдері, дұрыс тамақтану тәртібі мен ұлттық тағамдардың денсаулыққа әсері секілді маңызды бағыттарды терең зерттеген.

Оның бастамасымен емізулі балаларға арналған арнайы тағамдар – «Бөбек», «Аруана», «Антихолестерин» өнімдері шығарылған. Сонымен қатар, 1978 жылы Алматыда өткен ДДҰ мен ЮНИСЕФ-тің Халықаралық конференциясында алғашқы медициналық көмекті ұйымдастырудың ұлттық үлгісін айқындаған “Алматы декларациясы” қабылданған болатын.

Ғалымның жетекшілігімен 60-қа жуық докторлық, 170-тен астам кандидаттық диссертация қорғалған еді.

Қазақ тағамтануының атасы Төрегелді Шарманов былтыр , 2024 жылдың 25 мамырында өмірден өтті.

Пікірлер