Абай облысында археологтар шамамен 7 мың жыл бұрын жерленген адам сүйегін тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Наука арнасына сілтеме жасап.
2 жыл бұрын зерттеу нәтижесі жарияланған ежелгі қабір Көкентау етегіндегі Көкен қонысынан, қола дәуірінің мәдени қабаттарының астынан анықталған. Радиокөміртекті талдау бұл Қазақстан аумағындағы ең көне адам жерлеуі екенін дәлелдеді. Ол ерте неолит дәуіріне, яғни егіншілік пен мал шаруашылығы қалыптаспай тұрған кезеңге жатады.
Зерттеуді профессор Паола Думани-Дюпюи (Назарбаев университеті), ғалым Жұлдыз Ташманбетова (Вашингтон универсиеті) және академик Зейнолла Самашев (Әлкей Марғұлан атындағы археология институты) жетекшілік еткен халықаралық ғылыми топ жүргізді.
Археологтар сопақша шұңқырдан екі адамның сүйегін тапқан: бірі – оң бүйірімен, тізесін бүгіп жатқан ересек адам, екіншісі – жасөспірімнің бас сүйегі. Ғалымдар мұны ежелгі дәуірге тән ритуалдық рәсім деп түсіндіреді. Радиокөміртекті сараптама нәтижесі қабірдің б.з.д. 5471-5222 жылдар аралығына тиесілі екенін көрсетеді.
Қабір жанынан жануар сүйектері, күл мен қыш ыдыс қалдықтары табылған. Бұл аймақтың мыңдаған жылдар бойы үздіксіз қоныстанғанын көрсетеді. Сонымен қатар, археологтар тас құралдар мен призмалық нуклеустар тапқан. Бұл ежелгі адамдардың құрал жасау технологиясының жоғары деңгейде болғанын дәлелдейді.
Зерттеушілердің айтуынша, Көкентаудан табылған археологиялық олжа Сібір мен Орталық Азияның неолит дәуіріндегі мәдениеттерімен тығыз байланысты және қазақ даласындағы алғашқы тұрақты немесе жартылай тұрақты өмір салтының болғанын көрсетеді.
Көкен қабіріндегі дененің орналасуы неолит дәуіріндегі Сібір, Моңғолия және Орталық Азиядағы белгілі рәсімдерге сәйкес келеді, онда бас сүйектер немесе сүйектер ата-бабаларға табыну символы ретінде қазып алынып, қайта жерленңп отырған. Мұндай қайта жерлеу үрдісінің белгісі қазақ жерінен тұңғыш рет табылып отыр.
«Көкен — көшпенді өркениеттің Орталық Азия мен Сібірдегі мәдени және генетикалық кеңістіктерін байланыстырады», - деді Зейнолла Самашев.
Қазіргі уақытта қазба жұмыстары жалғасуда. Ғалымдар одан да терең қабаттардан мезолит дәуіріне жататын іздер табылып, өңірдің ежелгі тұрғындарының өмірін тереңірек зерттеуге мүмкіндік туады деп үміттенуде.
Көкентаудағы жаңалыққа дейін Қазақстандағы ең көне қабірлер Железинка мен Бестамақтағы жерлеу орындары болып келген еді. Бұл жерлеу орындарының тарихы біздің заманымызға дейінгі 5000 жылға тиесіл деп есептелетін.