1500 жылдық тарихы бар ғибадатхана өртеніп кетті

832
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/KCFhwAZMutmrjz41gimC5egY95NHDcS7nUC7aEFt.jpg

Қытайдың Цзянсу провинциясындағы Чжанцзяган қаласында орналасқан көне Юнцин ғибадатханасында 12 қараша күні күшті өрт шықты. Оқиға туралы ақпаратты Free Press Journal жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

1500 жылдық тарихы бар буддистік сәулет туындысы саналатын ғибадатханада шыққан өрт тұрғындар арасында қатты алаңдаушылық тудырды. Куәгерлер түсірген видеоларда ғибадатхананың үстін қалың қара түтін басып, жалынның көпқабатты павильонды шарпығаны анық көрінеді. От әсіресе әдемі өрнектелген ағаш шатырларды түгелге жуық жалмаған.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, өрт дер кезінде бақылауға алынып, зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Алдын ала деректерге сәйкес, тілсіз жау ғибадатхана аумағындағы ежелгі стильде салынған көшірме ғимараттан басталған.

Бұған дейін дәл осындай жағдай биылғы жылдың шілде айында Беларусь елінде де болған еді. Брест маңындағы Степанки агроқалашығында бірнеше ғасырлық тарихы бар Архангел Михаил шіркеуі түгелдей өртке оранған.

Юнцин ғибадатханасы – Қытайдағы маңызды діни және тарихи нысандардың бірі. Өрт салдарынан келген залал мен ғимаратты қалпына келтіру жұмыстарының нақты көлемі алдағы уақытта анықталмақ.

Пікірлер