"Елге қайтаруды сұраймын". Бұрынғы президент Украина басшысына хат жолдады

814
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/uZvLHAWSiUZCFEkR2XydDP2plDvOItSUaiXY1Or9.jpg

Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили Украина президенті Владимир Зеленскийге ашық хат жолдап, өзін азаматтық соғыс тұтқыны ретінде танып, Украинаға қайтаруды өтінді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

Саакашвили хатында өзінің Украина азаматы екенін еске салған. Айтуынша, оны жақында түрме ауруханасынан Рустави түрмесіне қайта ауыстырған. Ол бұл түрмені 2022 жылдың наурызында өзін улаған қызметкерлер жұмыс істейтін мекеме деп сипаттайды. Экс-президент бұл әрекетті елдің "ресейлік" басшылығы ұйымдастырды деп санайды.

«Менің қуғындалуым да, тағдырым да соғыспен байланысты… Мені Грузияның проресейлік режимі заңсыз ұстап отырған азаматтық тұтқындар тізіміне қосуыңызды сұраймын. Украиндар ешқашан өз адамын тастамайтынын білемін», – деп жазды Саакашвили.

12 қарашада үш жарым жыл бойы «Вивамед» клиникасында ем алған Саакашвили медициналық көрсеткіштер бойынша енді стационарлық емді қажет етпейді деген шешім шығарылғаннан кейін түрмеге қайта жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, ол бұл жаңалықты сабырмен қабылдаған.

Михаил Саакашвили 2004–2013 жылдары Грузия президенті болды. 2013 жылы ол Грузия азаматтығынан бас тартып, Украина азаматтығын қабылдады. 2021 жылдың 1 қазанында Грузияға жасырын кірген сәтте ұсталып, бірнеше қылмыстық іс бойынша айыпталып, жалпы 12 жыл 6 айға сотталған.

Пікірлер