Депутат түрмеде отырған белсендімен кездескенін хабарлады

917
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/rptv3jbP4dFqdgYZFwLee8n5UQecC514UEj0rIl1.jpg

Депутат Ермұрат Бәпи әлеуметтік желідегі парақшасында жуырда Қызылорда облыстық түзету мекемесінде жатқан журналист Думан Мұхамедкәріммен жолыққанын жазды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Оның айтуынша, кездесу екі сағатқа созылған.

«Қызылордаға барып, абақтыда отырған Думан Мұхамедкәріммен кездесіп қайттым. Облыстағы азаматтар дайындап берген күздік соғымнан сыбаға апардым. Колония әкімшілігі сәлем-сауқатты еш кедергісіз өткізуге мүмкіндік берді. Думан сол баяғы қалпында: бірбеткей, тікмінез, турашыл. Сот үкімімен таңылған жазаны мойындамайды», – деді депутат.

Ермұрат Бәпидің жазуынша, журналист қазіргі жағдайда денсаулығына байланысты қиындықтар көріп отыр. Талдықорғандағы СИЗО-да кездескен кезеңнен бері Думанның жүдеп қалғаны байқалған. Ол жақында жариялаған аштықтан жаңа ғана шыққанын айтқан.

«Бұдан бір жарым жыл бұрын Талдықорған "СИЗО"-сында кездескен кезге қарағанда, біраз жүдеу тартқан. Мен келерден бір күн бұрын (20.11.25) кезекті аштықтан шығыпты. "Құрғақ аштық па?" десем: "Жоғ-ә, сұйық ішпесең, үш-төрт күннен кейін крышаң кетіп қалады" деп күледі. Бостандықта жүрген кезіндей, әзілден кенде емес.

Өр мінезінен айнымаған. Ұнжырғасы түспеген. Басты айнадай ғып, ұстарамен қырып тастаған. "Неге қырдың?" десем, "Гигиена, кичада душ жоқ қой..." деп тағы да әзілдейді.

Кичасы - карцер, Қызылордаға этаппен келгеннен бергі жалғыз адамдық мекені. Колония тәртібіне бағынбағандықтан, режимнің талабы бойынша осындай ішкі жазаға кесілген. Себебі - мекеменің жалпыға ортақ киімін киюден бас тартқан.

"Киімін кие салмадың ба?" деймін.

"Егер жазықсыз сотталып, үкімді мойындамасам, неге түрменің киімін киюім керек?!" деп, өзіме қарсы сұрақ қояды.

"Қайдам? Қапаста отырсың, жиі-жиі аштық жариялайсың, денсаулығыңды құртып алмайсың ба?" дегенім-дағы.

Анығында денсаулығы біраз сыр бергені рас екен. "Еттің қашуынан екі бүйрегім төмен түсіп кетті. Белім ол сырқырайды. Асқазаным да ауырады..." дейді Думан.

"ДУИС-тегілер бәріне өзі кінәлі, аштыққа бармаса, бұлай болмас еді деп отыр ғой..." деймін мен Думанға.

"Менде наразылық білдірудің басқа қандай амалы бар? Өзімнің қарсылығымды осылай аштық жариялаумен ғана білдіре алам" дейді Думан.

"Бізге сот үкімімен мұнда қамалғандардың бәрі бірдей. Жеке Мұхамедкәрімге жеңілдік жасап, "бізге неге спорттық киіммен жүруге рұқсат етілмейді?" дейтін басқа сотталғандардың наразылығын тудыруға болмайды.

Тәртіп бәріне бірдей" дейді мекеме әкімшілігінің жетекшісі», – делінген депутат жазбасында.

Журналист Алматы немесе Талдықорған маңындағы түзету мекемесіне ауыстыруды сұраған. Алайда ДУИС өкілдері оның «13 рет тәртіп бұзғаны» мұндай өтінішті қанағаттандыруға мүмкіндік бермейтінін айтты.

Сонымен бірге, депутат Мұхамедкәрім отырған камераға «жарылғыш зат лақтырылды» деген адвокат мәлімдемесіне қатысты да пікір сұраған. Түрме басшылығы бұл ақпараттың тексеріліп жатқанын, алайда оны «қоғамдық резонанс тудыруға бағытталған сыртқы арандатушылық болуы мүмкін» деп бағалайтынын жеткізген.

"Сотталған адам отырған камераның есіктегі тесігінен әлдебір белгісіз жарылғыш зат лақтырылды деген адвокаттың мәлімдемесіне байланысты не айтасыз?" деген сауалыма түрме басшысы: "Бұл жағдай тексерілуде. Бірақ мұндай қарабайыр әрекетті Мұхамедкәрімге қатысты қастандық жасалған деп бағалауға болмайды. Егер шынында да түрмеде отырған әлдекімге (Думанға ғана емес) қастандық ұйымдастырылатын болса, әдетте ондай іс даңғаза дабырамен жасалмайды ғой. Сондықтан бұл Думанның төңірегіндегі қоғамдық у-шуды қоздырудың әлдекімдер сырттан ұйымдастырған провакациялық әрекеті" деп жауап берді.

Басқалар не дерін қайдам, ал мен бұл жауапқа иландым. Шынында да, "саяси тұтқын" саналатын, түрмеде қаухарсыз отырған адамға жарылғыш затпен қастық жасау қисынға сыймайтын қылық болмақ. Думанның өзі де бұған аң-таң.

Қысқасы, Думанмен кездесуден кейін, бұл менің қоғамға айтар қысқа-нұсқа хабарым. Ал күні-түні жалғыз ұлын уайымдаған анасы мен баласының денсаулығы дімкәс деген хабар естігеннен бері қан қысымы басына шауып жүрген әкесіне мен айтар жағдаяттың жөні қоғамшылдарға қатысты болмаса керек", - деп жазба аяқталған.

Еске сала кетейік, журналист Думан Мұхамедкәрім 2024 жылы «экстремизмді қаржыландыру» және «тыйым салынған ұйымның жұмысына араласу» баптары бойынша кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылған. Сонымен қатар, оған үш жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Пікірлер