Жал-жая және Жапония. Жылқы еті экспортталуы мүмкін

211
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/I1RhURltLffoijkc6VTDveDO5shp3kuYKcFciUHb.jpg

Қазақстан Жапонияға жылқы етін экспорттауға дайындалып жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қарағанды облыстық «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ филиалының төрағасы Игорь Жабяк Жапонияға жылқы етін жеткізуге дайындық барысы туралы айтты.

Жапония астанасы Токиода өткен саммит аясында Ulysmedia тілшісіне сұхбат берген Игорь Жабяк бұл бағыттағы келіссөздер соңғы бес жыл бойы жүргізіліп келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, пандемия кезеңінде жұмыстар уақытша тоқтағанымен, биыл жапон тарапы Қазақстанға арнайы келіп, өз талаптары мен ұсыныстарын таныстырған.

Фермердің сөзінше, Жапония азық-түлік қауіпсіздігіне аса жоғары талап қояды. Осыған байланысты қазақстандық тарап барлық стандарттарға сай болу үшін бірқатар шара қабылдаған.

"Жапондар талаптың бәрін егжей-тегжейлі тексереді. Сол себепті біз өз зертханамызды ашып, аккредитациядан өттік. Бұл – Жапонияға жылқы етін импорттаушылар тізіміне ену үшін қажет қадам. Қазір бұл келісімнің жүзеге асуына бір табан қалды деп ойлаймын. Ең бастысы – үкіметаралық деңгейде жеткізу мен ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылса дейміз", — деді Игорь Жабяк.

Жобаға Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі, сауда және интеграция министрлігі, сондай-ақ «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы қолдау көрсетіп отыр. Жабяктің айтуынша, жапон нарығы қазақстандық жылқы етіне жоғары қызығушылық танытқан.

Жоспар бойынша, экспорт Қарағанды облысы Абай ауданынан жүзеге асады. Қазіргі таңда бұл өңірде шамамен 3 мыңға жуық жылқы бар. Ал Жапония ай сайын 100 бас, яғни жылына шамамен 1 000 жылқы етін сатып алуға дайын.

Пікірлер