ЦАХАЛ Газада шамамен 70 мың адамның қаза тапқанын растады

107
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/kSSOe97AattDwHFT2fjslqOSxDq1Ht0GzLk4rtR6.jpg

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Израиль күштері мен палестиналық радикалды исламшыл ХАМАС қозғалысы арасындағы соғыс кезінде Газа секторында шамамен 70 мың адам қаза тапқанын алғаш рет ресми түрде растады. Бұл туралы 29 қаңтарда The Jerusalem Post және The Times of Israel басылымдары жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

ЦАХАЛ мәліметінше, осы санның шамамен 25 мыңы ХАМАС жауынгерлері болған. Израиль армиясы 2024 жылдың алғашқы айларына дейін ХАМАС тарапынан Газадан атылған зымырандардың шамамен 13 пайызы техникалық ақауларға байланысты сектор аумағына құлап, соның салдарынан көптеген палестиналықтардың қаза тапқанын мәлімдеді.

ЦАХАЛ бағалауынша, ХАМАС күштері Израильмен ынтымақтастық жасады деп күдіктелген немесе Газаның кейбір аудандарынан кетуге тырысқан, сондай-ақ саяси қарсылас деп есептелген көптеген палестиналықтарды өздері жазалап, өлтірген. Қазіргі уақытта ЦАХАЛ қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен жауынгерлердің нақты арақатынасын, сондай-ақ ХАМАС өкілдері өлтірген адамдардың санын анықтау үстінде.

Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда қаза тапқандар саны 71 667 адамды құрайды, оның ішінде 2025 жылдың қазанындағы атысты тоқтату келісімінен кейін өлтірілген 450-ден астам адам бар. Ведомство табылған мәйіттердің 90 пайыздан астамының жеке басын анықтағанын хабарлады. Алайда статистиканың қалай жасалғанын, оның ішінде қаза тапқандар арасында қанша исламшыл жауынгер бар екенін немесе ауруханаларда табиғи себептермен қайтыс болған палестиналықтар есепке алынған-алынбағанын нақтыламады.

Еске салсақ, Таяу Шығыстағы жағдай 2023 жылғы 7 қазанында күрт шиеленісті. Еуропалық Одақ пен АҚШ-та террористік ұйым деп танылған радикалды исламшыл ХАМАС қозғалысы Израильге жаппай шабуыл жасады. Жауынгерлер Израильге жаппай зымыран соққысын беріп, ел аумағына басып кіріп, қазіргі Израиль мемлекеті тарихындағы бейбіт тұрғындарға қарсы ең жаппай қырғынды жүзеге асырды — шамамен 1200 адам қаза тапты. Сондай-ақ 250-ге жуық адам кепілге алынып, Газа секторына әкетілді. Кепілге алынғандардың бір бөлігі айырбас немесе босату арқылы еркіндікке шықты, бір бөлігі қаза тапты.

“Бұған жауап ретінде Израиль ХАМАС-қа қарсы соғыс жариялады. Құрлықтағы операциялар мен Газа секторын бомбалау барысында шамамен 170 мың адам жараланды”, -деп мәлімдеді ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігі.

ХАМАС Еуропалық Одақта, Ұлыбританияда және АҚШ-та террористік ұйым деп танылған.

2025 жылдың қазанында Израиль билігі мен ХАМАС АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі әзірлеген бейбіт жоспар аясында атысты тоқтатуға келісті. Келісімдердің орындалуына АҚШ, Түркия, Катар және Мысыр кепілгер болды. Бірінші кезеңде ХАМАС тірі қалған барлық израильдік кепілге алынғандарды Израиль түрмелеріндегі палестиналық тұтқындарды босатуға айырбастады.

Қаңтар айының ортасында Ақ үй Трамптың Газа секторындағы соғыс қимылдарын аяқтауға бағытталған жоспарының екінші кезеңі басталғанын мәлімдеді. Бұл кезеңде өңірді уақытша басқару үшін «Бейбітшілік кеңесі» және оған бағынатын Ұлттық комитет құрылуы тиіс, кейін бұл міндетті Палестина ұлттық әкімшілігі өз қолына алмақ.

Пікірлер