Израиль "армян геноцидін" ресми мойындағанын жариялады

346
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/4VjWDzv0dXm2QuxoHEjUKlQqOiDuAFC8B18asMLN.jpg

Израиль үкіметі елдің сыртқы істер министрі Гидеон Саар ұсынған Осман империясындағы "армян геноцидін" тану туралы ұсынысты мақұлдады. Бұл — Израиль үкіметі деңгейінде армян геноцидінің алғаш рет ресми мойындалуы, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Саардың айтуынша, шешім «моральдық және тарихи міндетті» басшылыққа ала отырып қабылданған.

«Менің ойымша, бұл — біздің еврейлер ретінде де, еврей халқының мемлекеті ретінде де моральдық борышымыз. Дұрыс әрекет жасау үшін ешқашан кеш емес», — деді ол.

25 маусымда Саар бұл мәселені министрлер кабинетінің қарауына шығару ниеті бар екенін хабарлаған болатын. Шешім жобасында Израиль "армян геноцидін" мойындап, тарихи шындықты жоққа шығару, бұрмалау немесе оның ауқымын кеміту әрекеттерін айыптайтыны айтылған.

Әңгіме Осман империясының соңғы жылдарында, 1915 жылғы сәуірде басталған оқиғалар туралы болып отыр. Алдымен Константинопольде (қазіргі Ыстанбұл – ред.) армян қауымдастығының жүздеген өкілі тұтқындалып, жер аударылып, қаза тапқан еді. Кейін Осман билігі армян халқына қарсы жүйелі жою саясатын жүргізген. Тарихшылардың бағалауынша, шамамен 1,5 миллион адам қаза болған.

Бұл оқиғаларды ресми түрде 30-дан астам мемлекет, соның ішінде АҚШ, Еуропалық одақ елдері, Канада, Ресей және Аргентина мойындаған.

Түркия 1915 жылғы оқиғалардың болғанын жоққа шығармайды, алайда «геноцид» терминімен келіспейді және құрбандар саны асыра көрсетілген деп санайды.

Елдің сыртқы істер министрлігі Израильдің бұл шешімін саяси қадам деп бағалап, оны Газа секторы жағдайымен байланыстырды.

«Израиль үкіметі 1915 жылғы оқиғаларға қатысты саяси шешім қабылдау арқылы өзінің қылмыстарын жасыруға тырысып отыр. Бұл шешім саяси сипатқа ие және тарихи әрі құқықтық фактілерді елемейді», — делінген хабарламада.

Осы уақытқа дейін Израиль Түркиямен қарым-қатынастың нашарлауынан және Әзербайжанмен стратегиялық серіктестіктің күрделенуінен қауіптеніп, ресми мойындаудан тартынып келген. Баку ХХ ғасырдың басындағы "армян геноцидін" тануға қарсы болып келеді. Қазір Әзербайжан мен Армения Қарабаққа бақылау қайта орнағаннан кейін өзара қатынастарды қалыпқа келтіру үдерісінде.

Сонымен қатар Израильдің саяси басшылығы ұзақ уақыт бойы бұл тақырыпты Холокостпен салыстырудан қашқақтап келді. 2018 жылы Кнессет "армян геноцидін" тану мүмкіндігін талқылағанымен, үкімет тиісті шешім қабылдамаған еді.

Әзірге Ереван бұл шешімге қатысты ресми пікір білдірген жоқ. Соңғы жылдары армян билігі "армян геноцидін" халықаралық деңгейде мойындату мәселесі елдің сыртқы саясатының басты басымдығы емес екенін бірнеше рет мәлімдеген.

Пікірлер