Улан-баторда президент Ухнаагийн Хурэлсухтің қамқорлығымен өткен «Моңғолтану: дәстүр және қазіргі заман» тақырыбындағы XIII Халықаралық моңғолтанушылар конгресі аяқталды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Конгреске әлемнің 30-дан астам елінен 600-ге жуық ғалым қатысты. Ғылыми жиын барысында 530-дан астам баяндама ұсынылып, моңғол тілі, археология, мәдениет, өнер, әдебиет, этнография, дәстүрлі білім, қазіргі моңғол қоғамы және халықаралық қатынастар мәселелері талқыланды.
10 тамыз күні ашылу рәсімінде Моңғолия президенті моңғол халқының тарихы, тілі, мәдениеті мен тұрмысын зерттеп жүрген ғалымдарға алғыс білдіріп, үздіктерін марапаттады. Ол моңғолтанушылар саласындағы халықаралық және өңірлік ынтымақтастықты күшейту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және жас ғалымдарды қолдау қажеттігін атап өтті.
Моңғолия Ғылым академиясының президенті С.Дэмбэрэл моңғолтанудың болашағы халықаралық ғылыми ынтымақтастыққа, жас зерттеушілерді даярлауға және жасанды интеллект, үлкен деректер мен жаңа зерттеу әдістерін қолдануға байланысты екенін айтты.
Іс-шара барысында моңғолтанушылар ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан шетелдік ғалымдар Моңғолияның мемлекеттік наградаларымен марапатталды. Олардың қатарында АҚШ, Қытай, Ресей, Жапония, Германия, Оңтүстік Корея, Израиль және басқа елдердің ғалымдары бар.
Атап айтқанда, АҚШ-тың Индиана университетінің аға оқытушысы Лэгдэнгийн Цэрэнчунтқа «Еңбек сіңірген ұстаз» атағы берілді. Бірқатар шетелдік ғалым «Поляр жұлдызы» орденімен және «Достық» медалімен марапатталды.
