«Қаныш Сәтбаевтың аманатын орындау – ұрпақ парызы»

144
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Qdh2ECYtjAgsgbX7O0kPYqRSZnzwcQgd1m0GZtb1.jpg

Биыл қазақтың ұлы ғалымы, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың Қарсақбайда еңбек жолын бастағанына 100 жыл толып отыр. Бір ғасыр бұрын Жосалы станциясынан Қарсақбайға жүк тасымалдаушыларға ілесіп жеткен жас инженер-геологтың бұл сапары кейін тұтас бір өңірдің, қала мен өндірістің тағдырын өзгерткен тарихи жолға айналды. Қаныш Сәтбаев Жезқазғанның әлемдегі аса ірі мыс кен орындарының бірі екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, қазақ геологиясының жаңа дәуірін бастады.

Ұлы ғалымның Қарсақбайдан басталған еңбек жолы бүгінде жалғасып келеді. Оның ғылыми болжамдары, зерттеулері мен «Үлкен Жезқазған» идеясы қазіргі Ұлытау өңірінің өндірістік және ғылыми болашағымен сабақтасып жатыр.

Осыған орай біз металлургия саласына 40 жылдан астам уақыт ғұмырын арнаған ғалым, зерттеуші, еңбек ардагері Төлеген Бүкіровпен Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасы, Жезқазғанның жер қойнауындағы сирек металдар, геология мен металлургияның болашағы, сондай-ақ биыл ұйымдастырылған «Академик Қаныш Сәтбаевтың ізімен» тарихи-танымдық экспедициясы туралы әңгімелескен едік.

«Жас инженердің арманы – Үлкен Жезқазғанға айналды»

Төлеген аға, биыл Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың еңбек жолын Қарсақбайда бастағанына 100 жыл толып отыр. Осы тарихи датаның сіз үшін және Ұлытау өңірі үшін мәні қандай?

– Бұл – жай ғана мерейтой емес. Бұл – өткенге көз жүгіртіп, бүгінгі жетістігімізді бағалап, болашаққа бағыт белгілейтін тарихи белес.

1926 жылы Томск технологиялық институтын тау-кен инженер-геологы мамандығы бойынша бітірген Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сол жылы Қызылордаға келіп, одан Жосалы станциясына түседі. Жосалыдан Қарсақбайға жүк тасымалдаушыларға ілесіп жетеді. Сол сәттен бастап қазақ ғылымының тарихында жаңа кезең басталды деуге болады.

Жас инженердің Қарсақбайға келгендегі басты мақсаты – осы өлкенің жер қойнауын зерттеу, Жезқазғанның мыс қорының ауқымын анықтау болатын. Ол кейін өзінің бүкіл саналы ғұмырының үлкен бір бөлігін осы мақсатқа арнады.

Қаныш Сәтбаевты қазақтың, Жезқазғанның, Қарсақбайдың маңдайына жазылған дара тұлға деп есептеймін. Ол Орталық Қазақстанның қазба байлығын зерттеп қана қойған жоқ, оның болашағын алдын ала көре білді. Оның 15 жыл бойы осы жерде табан аудармай еңбек етуінің нәтижесінде Жезқазғанның аты әлемге танылды.

Қаныш Сәтбаевтың Жезқазған туралы сол кездегі болжамдары қаншалықшы жүзеге асты деп ойлайсыз?

– Ұлы ғалымның көрегендігіне бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда тіпті таңғаласың.

Қаныш Имантайұлы 1928 жылы жазған «Қарсақбай ауданы және оның болашағы» атты мақаласында Жезқазған ауданын әлемдегі мысқа бай аймақтардың бірі деп бағалады. Оның болашақта Оралдың қазыналы өлкесімен ғана емес, Американың мысты өңірлерімен де бәсекелесе алатынын жазды. Ол кезде бұл сөздер үлкен ғылыми болжам болатын. Бүгін сол болжамның шындыққа айналғанын көріп отырмыз.

Қаныш Сәтбаевтың тағы бір ғылыми еңбегінде Жезқазғанды табиғаттың әртүрлі байлықтары бір жерге шоғырланған жер шарындағы санаулы бақытты аудандардың бірі ретінде бағалағаны белгілі. Осының өзі оның Жезқазғанның болашағын қаншалықты терең түсінгенін көрсетеді.

«Жезқазғанның байлығы – тек мыс емес»

Қазір әлемде сирек және стратегиялық металдарға ерекше мән беріліп отыр. Қаныш Сәтбаев бұл мәселені өз кезінде көре білді ме?

– Әрине. Қаныш Сәтбаев Орталық Қазақстанның прогноздық металлогениялық картасын жасаған кезде Жезқазған өңірінің тек мысқа ғана бай емес екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Кен құрамында қорғасын, мырыш, алтын, күміс, кадмий, сурьма, селен, теллур, рений, осмий және басқа да көптеген химиялық элементтер бар екенін көрсетті. Яғни біз кейде «Жезқазғанның байлығы – мыс» деп қысқа қайырамыз. Шын мәнінде, Жезқазғанның жер қойнауы әлдеқайда күрделі әрі бай. Сол себепті бүгінгі міндет – кеннен тек негізгі металды алып, қалғанын қалдық ретінде қарамау. Кен құрамындағы барлық құнды компонентті барынша өндіруіміз керек.

Сіз өзіңіз де Жезқазғанның сирек металдарын зерттеуге көп жыл арнадыңыз. Бұл бағыттағы жұмыстарыңыз туралы айтып өтсеңіз.

– Менің мамандығым – металлург. Осы салаға 40 жылдан астам уақыт еңбек еттім.

1991 жылдан бастап Алматыдағы металлургия және байыту, геология ғылыми-зерттеу институттарымен, Қарағанды химия-металлургия институтымен тығыз байланыста жұмыс істедік. Ғалымдармен бірлескен зерттеулердің нәтижесінде Жезқазған мыс балқыту зауытының сирек металдар цехында өндірістік-тәжірибелік қондырғылар арқылы бірқатар құнды өнімдер алынды. 1991 жылы рений қышқылы өндірілді. 1992 жылы қорғасын суригі алынды. Ал 1995 жылғы 15 мамырда әлемде алғаш рет таза осмий-187 металы алынды. 

1998 жылы таза рений өндірілді.Кейін рений мен осмийді өндіріс қалдықтарынан алудың жаңа технологиялары жасалды. 1998 жылы құрамында ренийі бар аммиак-сульфат ерітіндісінен осмий алу технологиясын зерттеу тақырыбында кандидаттық диссертация қорғадым. Ғылыми жұмыстар барысында Қазақстанның патенттеу органдарынан 16 авторлық куәлік алдым. Отандық және шетелдік басылымдарда 57 ғылыми мақалам жарық көрді.

Мен мұны жеке жетістік деп қарамаймын. Бұл – Жезқазғанның ғылыми әлеуетінің нәтижесі.

«Қалдық деп жүргеннің ішінде қандай байлық жатқанын білуіміз керек»

Қазір рений мен осмий өндірісінің жағдайы қандай?

– Өкінішке қарай, соңғы жылдары бұл бағытта қиындықтар көбейді. Жезқазған мыс балқыту зауытының күкірт қышқылы цехының тозуы технологиялық газдарды толық қабылдап, өңдеу мүмкіндігін төмендетіп отыр. Соның әсерінен рений өндіру көлемі де азайды. Сондықтан менің негізгі ұсыныстарымның бірі – жаңа технологиямен салынатын күкірт қышқылы цехын тездетіп салу.

Екіншіден, құрамында мысы аз кендерді, байыту фабрикаларының пульпасын, шлактарды және басқа техногендік қалдықтарды қайта өңдеу қажет. Бүгінде «қалдық» деп жүрген дүниенің ішінде қаншама құнды металл болуы мүмкін. Бұл бағытта гидрометаллургияның мүмкіндігі өте жоғары.

Гидрометаллургияның Жезқазған үшін қандай артықшылығы бар?

– Біздің алдымызда үлкен мәселе тұр. Жер қойнауында құрамында мысы аз кендер өте көп. Бұрын ондай кен экономикалық тұрғыдан тиімсіз саналды. Бірақ технология дамып келеді.

2014 жылы Испанияның Севилья қаласында өткен халықаралық ғылыми конференцияға қатысып, сол маңдағы гидрометаллургия зауытының жұмысымен таныстым. Ол зауыт жылына шамамен 70 мың тонна шақпақ мыс және басқа құнды металдар өндіреді. Біздің де осындай тәжірибені зерттеп, жергілікті жағдайға бейімдеуіміз қажет. Сондықтан ғалымдар мен өндіріс орындары бірлесіп жұмыс істеуі керек. Кедей кенді де, өндіріс қалдықтарын да экономикалық тиімді өнімге айналдыру – болашақтың үлкен міндеті.

Ұлытау облысының геологиялық әлеуеті қандай?

– Өте жоғары. Қаныш Сәтбаев өткен ғасырдың 30-жылдарында-ақ Жезқазған маңындағы Жаманайбат-1, Жаманайбат-2, Сымтас-1, Сымтас-2, Түйемойнақ, Жыланды, Талдысай сияқты жерлерде мыс кенінің мол болуы мүмкін екенін жазып кеткен. Қазір Жаманайбат пен Жыландыда кен өндіріліп жатыр. Ал Сымтас, Түйемойнақ, Талдысай сияқты аумақтарды тереңірек зерттеу қажет.

Қарсақбайдың маңындағы Дүйсенбай өзені бойынан да мол мыс кені бар екені анықталды. Өткен жылдың соңында Жезқазғанда геологиялық кластердің ашылуы – осы бағыттағы өте маңызды қадам. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, геологиялық барлау жұмыстарын күшейту.

«65 жылдан кейін өткен үлкен жиын»

Биыл Ұлттық ғылым академиясы президиумының көшпелі отырысының Жезқазғанда өтуін тарихи сабақтастық деп бағалауға бола ма?

– Әрине. 1961 жылы көктемде Қаныш Сәтбаев басқарған Қазақстан Ғылым академиясының көшпелі ғылыми сессиясы Жезқазғанда өткен болатын. Сол сессияда Үлкен Жезқазғанның барлық саласы талқыланды. Өңірдің болашақтағы проблемалары қаралды. Ал биыл, араға 65 жыл салып, ҚР Ұлттық ғылым академиясы президиумының көшпелі отырысы Жезқазғанда өтті. Бұл – өте маңызды тарихи сабақтастық.

ҚР ҰҒА президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевқа Жезқазғанда осындай маңызды жиын өткізгені үшін алғысым шексіз. «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбындағы отырыста еліміздің әр аймағынан келген ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері және Қытайдан келген ғалымдар баяндама жасады. Екі күн бойы пікір алмасулар жүріп, нақты ұсыныстар айтылды.

Ұлытау облысындағы геологиялық кластер базасында Форсайт-орталық ашу туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – ғылым мен өндірісті байланыстыратын жаңа мүмкіндік.


– Сіздің ойыңызша, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты қалай күшейтуге болады?

– Ғалым өндірістің нақты проблемасын білуі керек. Ал өндіріс ғылымның мүмкіндігін пайдалануы тиіс. Бүгінгі заман технологиялық жаңалықты талап етеді. Кен өндірудің өзі жеткіліксіз. Біз оны тиімді байытуымыз, металлургиялық процестерді жетілдіруіміз, сирек металдарды бөліп алуымыз, дайын өнім шығаруға дейін баруымыз керек.

Қазақстан тек шикізат экспорттайтын мемлекет болып қалмауы тиіс. Өзімізде жоғары қосылған құны бар өнім өндірсек, оның экономикалық тиімділігі әлдеқайда жоғары болады.

Сіз Ұлытау өңірінің өндірістік болашағына қатысты қандай нақты ұсыныстар айттыңыз?

– Бірнеше маңызды ұсыныс бар. Біріншіден, Жезқазған мыс балқыту зауытында жаңа технологиямен салынатын күкірт қышқылы цехын тездетіп салу қажет.

Екіншіден, құрамында мысы аз кендерді, байыту фабрикаларының пульпасын, шлак және басқа да техногендік қалдықтарды гидрометаллургиялық тәсілмен қайта өңдеу керек.

Үшіншіден, негізгі металдармен бірге жүретін ілеспе металдарды барынша өндіру қажет.

Төртіншіден, уран шикізатының құрамындағы сирек кездесетін металдарды өндіру мүмкіндігін зерттеу керек.

Бесіншіден, тозығы жеткен Балқаш мыс балқыту зауытының орнына заманауи технологияға негізделген жаңа өндіріс салу мәселесін қарастыру қажет.

Алтыншыдан, Жезқазғанда қорғасын-мырыш зауытын салу мүмкіндігін зерделеу керек.

Жетіншіден, өзіндік құны жоғары дайын бұйымдар өндірісін дамыту қажет.

Сегізіншіден, Ұлытау облысында геологиялық-барлау жұмыстарын қарқынды жүргізу керек.

Бұл ұсыныстардың әрқайсысы жеке мәселе болып көрінгенімен, барлығы бір мақсатқа – өңірдің тұрақты экономикалық дамуына бағытталған.

«Қаныштың ізімен жүріп, Қарсақбайға қайта оралдық»

– Биыл сіздер «Академик Қаныш Сәтбаевтың ізімен» атты тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырдыңыздар. Бұл идеяның негізгі мақсаты қандай еді?

– Қаныш Сәтбаевтың Қарсақбайдағы еңбек жолының 100 жылдығына байланысты оның жүріп өткен жолын қайта жаңғыртуды мақсат еттік. Экспедицияға еңбек ардагерлері, әдебиет пен мәдениет өкілдері, тарихшы-өлкетанушылар, жастар, журналистер, кинооператорлар мен фототілшілер қатысты. Барлығы 25 адам алты автокөлікпен жолға шықты. 5 тамызда таңғы сағат 6-да Жезқазғаннан аттандық.

Қызылордаға барып, зиялы қауым өкілдерімен кездестік. Әбділдә Тәжібаев атындағы кітапханада Қаныш Сәтбаевтың өмір жолы, Қарсақбай мыс балқыту зауытының тарихы және Жосалы-Қарсақбай арасындағы көне керуен жолы туралы әңгіме өрбіді.

Сапарымызға Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігінің бірінші хатшысы Кэти Кеттелл де қосылды.

Жосалыдан Қарсақбайға дейінгі көне жолды зерттеудің маңызы қандай?

– Бұл – тарихымыздың өте маңызды бөлігі. Қаныш Сәтбаев 1926 жылы Жосалы станциясына келіп, одан Қарсақбайға жеткен. Біз сол тарихи жолдың ізін жаңғыртуды жөн көрдік. Жосалыдан Қарсақбайға қарай жүріп отырып, көне жол бойындағы бекеттерді белгіледік. Алғашқы Теректі бекеті Жосалыдан 27 шақырым жерде орналасқан. Сол жерге бекет атауы қашалып жазылған гранит тақта орнаттық. Жалпы 18 бекеттің орнына осындай ескерткіш тақталар қойылды. Бұл жұмыстардың болашақта тарихи-танымдық әрі туристік маршрут қалыптастыруға септігі тиеді деп ойлаймын.

Қарсақбайға жеткен сәт ерекше болған шығар?

– Әрине. 6 тамыздан 7 тамызға қараған түні сағат 23:30 шамасында Қарсақбайға келдік. Кенттің кіреберісінде Қарсақбай металлургия зауытының директоры Мұрат Қадырұлы Мәткенов бастаған ақсақалдар мен жергілікті тұрғындар бізді шашу шашып қарсы алды. Қаныш Сәтбаевтың үй-музейіне барып, ұлы ғалымға тағзым еттік. Бұл – экспедицияның ең толғанысты сәттерінің бірі болды. Өйткені біз дәл осы жерде, осы топырақта еңбек жолын бастаған ұлы ғалымның ізін басып тұрдық. Қарсақбайға келген жас инженердің сол кездегі арманы кейін алып өндіріс ошағына, үлкен қалаға, тұтас ғылыми мектепке айналды.

«Қаныштың аманаты – біздің жауапкершілігіміз»

Сіз Қаныш Сәтбаевтың аманаты туралы жиі айтасыз. Бүгінгі ұрпақ үшін оның ең басты аманаты не?

– Қаныш Сәтбаевтың ең үлкен аманаты – туған жердің байлығын халық игілігіне пайдалану және оны көздің қарашығындай сақтау.

1961 жылы Жезқазғанда өткен ғылым академиясының көшпелі сессиясында ол жезқазғандықтарға ерекше сөз айтты. Ол осы дала байлығын дәлелдеу үшін, үлкен қала салу үшін бірге көптеген қиындықты жеңгендерін еске алып, Жезқазғанды көздің қарашығындай сақтауды сұрады. Сөзінің соңында біздің байлығымыз ұлан-ғайыр болғанымен, шексіз емес екенін ескертті. 

Мен осы сөзді қазіргі заман үшін аса маңызды деп санаймын. Біз кенді өндіріп қана қоймай, оны тиімді пайдалануымыз керек. Қалдықтарды қайта өңдеуіміз керек. Сирек металдарды бөліп алуымыз керек. Табиғатты қорғауымыз керек. Ғылымға сүйенуіміз керек. Ең бастысы – бүгінгі байлықты ертеңгі ұрпаққа жауапкершілікпен жеткізуіміз керек.

Егер Қаныш Сәтбаев бүгін ортамызда болып, Жезқазғанға қайта келсе, ол қандай өзгерісті көргісі келер еді деп ойлайсыз?

– Ол, ең алдымен, ғылым мен өндірістің қатар дамығанын көргісі келер еді деп ойлаймын. Меніңше, бүгінгі «Үлкен Жезқазған» – тек үлкен өндіріс пен үлкен қала емес. Ол – ғылыми орталығы бар, заманауи технологиясы бар, сирек металдарды өндіретін, шикізатты терең өңдейтін, жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын, табиғатты қорғайтын индустриялық өңір болуы керек.

Қаныш Сәтбаевтың кезінде «Үлкен Жезқазған» идеясы үлкен арман болды. Ол арман орындалды. Енді сол арманның жаңа кезеңін бастауымыз керек.

«Қаныштың жолы – жастарға жол»

Әңгімеміздің соңында жас ғалымдар мен өндіріс мамандарына айтар сөзіңіз?

– Қаныш Сәтбаевтың өмірі – әрбір жасқа өнеге. Ол Қарсақбайға келген кезде бүгінгідей заманауи технология, зертхана, техника болған жоқ. Бірақ оның қолында білім болды. Ғылымға деген сенімі болды. Елге қызмет етуге деген үлкен жүрегі болды. Сондықтан бүгінгі жастарға айтарым – ғылымнан алыстамаңдар. Геологияны таңдаған жас туған жердің әр тасының тарихын зерттеуге ұмтылсын. Металлург өндірістің мәселесін шешуге ұмтылсын. Ғалым өзінің жаңалығын өндірісте сынаудан қорықпасын. Ал өндіріс ғылымның жетістігін пайдаланудан тартынбасын. 

Ұлытау өңірінің алдында үлкен мүмкіндіктер тұр. Жаңа кен орындарын ашуымыз керек. Металлургияны жаңғыртуымыз керек. Сирек металдарды игеруіміз керек. Өндіріс қалдықтарын қайта өңдеуіміз керек. Жоғары технологиялы өнім шығаруды жолға қоюымыз керек. Сонда ғана Қаныш Сәтбаевтың аманатына лайықты жауап бере аламыз.

Қаныш Сәтбаевтың Қарсақбайдан басталған жолы – бір адамның еңбек жолы ғана емес. Бұл – қазақ ғылымының жолы. Бұл – Жезқазғанның жолы. Бұл – Ұлытаудың болашаққа бастар жолы.

Әңгімеңізге рахмат.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы



Пікірлер