Шымкентте аға буын өкілдеріне құрмет көрсетілді

1548
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/X5JsL5Fbow6uM1lRk5QYeHlRRSza1G0TAe4Bzu9g.jpg

Халықаралық қарттар күніне орай Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков аға буын өкілдерінің шаңырақтарына барып, мерекемен құттықтады. Қала әкімі Рахматулла Мәуленов, Өркен Әбдіреев, Шәки Күлмажитов және Сәбит Рүстемовтің үйлерінде болды.

Кездесу барысында қариялар өздерінің естеліктерін бөлісіп, еңбек жолдары мен отбасылық дәстүрлері туралы әңгімеледі. Қала әкімі ардагерлердің көп жылғы еңбегі мен Шымкенттің дамуына қосқан үлесіне алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады, сондай-ақ, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр мен бақ-береке және жан тыныштығын тіледі.

Айта кетейік, бүгінде Шымкентте 105 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оларға арнап өмір сүру сапасын арттыруға, денсаулығын нығайтуға және белсенді өмір салтын ұстануға бағытталған түрлі әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған.

Халықаралық қарттар күніне орай Шымкентте жасы 70-тен асқан 29 841 тұрғынға 3 АЕК мөлшерінде біржолғы көмек көрсетілді. Сондай-ақ, 80 жастан асқан жалғызбасты 101 қарияға ай сайын 2 АЕК көлемінде әлеуметтік төлем беріледі.

Биыл санаторий-курорттық жолдамамен 8 735 адамды қамту жоспарланып, соның ішінде 5 090 адам қамтамасыз етілді. «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының төрт бөлімшесінде күн сайын 800-ден астам зейнеткер түрлі іс-шараларға қатысады. Олар үшін спорттық, шығармашылық және сауықтыру бағытындағы сабақтар ұйымдастырылған.

70 жастан асқан тұрғындар қоғамдық көлікте тегін жүреді. Сонымен қатар қарияларға театрларға, музейлерге, хайуанаттар бағына және дендросаябаққа тегін бару қарастырылған.

Бұл ретте, қалада аға буын өкілдерінің қоғам өміріне белсенді араласуына және бос уақыттарын мазмұнды өткізуіне ерекше көңіл бөлінуде. Қарияларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары олардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, денсаулығын сақтауға да мүмкіндік береді. Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен өнегелі жолы – жас ұрпақ үшін баға жетпес тәрбие мектебі. Қалада қарттарға құрмет көрсету, олардың еңбегін бағалау және қамқорлық таныту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Пікірлер