Баян-Өлгийде 27 халықаралық «Алтын бүркіт» фестивалі өтті

211
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/pmp6UVsmicD2C42cQvuicKKcqpvM1Vz24VhPddax.jpg

2026 жылғы 3–4 қазанда Моңғолияның Баян-Өлгий аймағына қарасты Бұлғын сұмының Саят алаңында дәстүрлі 27 халықаралық «Алтын бүркіт» фестивалі өтті. Қазақтың ежелгі саятшылық өнерін дәріптейтін айтулы шараға мыңдаған көрермен мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер қатысты, деп хабарайды «Адырна» тілшісі.

Фестиваль аясында бүркітшілер қыран құстарды баптау мен аңшылық шеберлігін паш етіп, өзара бақ сынады. Сонымен қатар ұлттық мәдени қойылымдар көрсетіліп, қазақтың дәстүрлі «Қыз қуу», «Көкпар» ойындары ұйымдастырылды. Қолөнершілер көрмесі де келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Ұйымдастырушылардың бірі Бекболат Бұғыбайұлының айтуынша, биылғы мерекеге қатысу үшін сексенге жуық бүркітші алдын ала тіркелген. Жолда келе жатқан саятшыларды қоса есептегенде, сайысқа 90-ға жуық бүркітші қатысқан.

«Халқымыздың саятшылық дәстүрін әлемге таныту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өлгей қаласында ашылған Бүркітшілер сарайы ұлттық мұраны насихаттауға үлес қосуда. Өткен жылы фестивальге 600-ге жуық шетелдік турист келсе, биыл да 600–700 турист келгені туралы ақпарат бар»,– деді ол.

«Алтын бүркіт» – Моңғолия қазақтарының атадан балаға жалғасқан аңшылық өнерін, ұлттық ойындары мен салт-дәстүрін насихаттайтын ең ірі мәдени шаралардың бірі. Мамандардың айтуынша, бүркітпен аң аулау дәстүрінің тарихы шамамен 6000 жылға созылады. Бұл көне өнерді бүгінгі күнге дейін сақтап келген халықтардың бірі – Моңғолия қазақтары.

Соңғы жылдары фестивальге деген қызығушылықтың артуына байланысты Моңғолияда фестиваль жылына екі рет өткізілетін деңгейге жеткен. Бұл ұлттық мұраны халықаралық деңгейде танытып, елдің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етіп отыр.

Сурет: Sputnik.kz

Пікірлер