Қазіргі президент пен бұрынғы басшы шарпысып қалды

757
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/1f3SEPLjxIqfaDqKHyH48QsdHyaiEiVv3z2IHhtc.jpg

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев елдегі энергетика саласындағы дағдарысқа қатысты қазіргі президент Садыр Жапаровқа пікір білдірді. Ол өз мәлімдемесін әлеуметтік желілерде жариялады, деп хабарлайды "Адырна".

"Садыр інім! Бес жыл болды – сен елді іс жүзінде басқарып келесің. Алғашқы жылдары халық сенен зор үміт күтті, әр сөзіңе сенді. Сен халыққа көп уәде бердің: сөз бостандығы, тәуелсіз БАҚ, әділ сайлау, адам құқықтарын қорғау және тағы басқасы. Осы жылдары халық тіпті "Аспан" қаласында жүргендей болды…

Ал осы уақыт бойы сен мені қаралап, ойыңа келгеннің бәріне кінәлап келдің. Мен үнсіз жүрдім, керек болса мәдениетті түрде ғана жауап бердім. Бір күні түзелерсің деп күттім. Бірақ олай болмады. Қазір сен мені энергокризиске де айыптап отырсың. Және мен ойладым: енді бұл өтірікке қанша уақыт үнсіз қарап отыруға болады?" деп жазды Атамбаев.

Ол халықтың көзі ашылып келе жатқанын, өтірікті жұтып қоя беретін "үнсіз топ" болмай қалғанын атап өтті.

"Сен сөз бостандығын уәде еттің – қазір адамдарды әлеуметтік желідегі жазбасы үшін қамауға алады. Демократия уәде еттің – тәуелсіз партиялар жойылды, саясаткерлер не түрмеде отыр, не жақында ғана шықты. Халық та жазаланып жатыр, егер бір ауыз сын айтса болды. Басқа уәделерің туралы не деуге болады? Әділ сайлау? Қажетсіз адамдарды сайлауға жібермейді. Мемлекеттік қарызды жоямыз дедің – керісінше бірнеше есеге өсірдің. Туыстарың мен жақындарың банктер ашып, көз алдымызда тез байып жатыр. Майнинг-фермалар белгілі адамдар үшін биткойн соғып отыр. Халықтың өзіне азық-түлікке ақшасы жетпей қалды", – деді ол.

Атамбаев Садыр Жапаровтың екі майнинг-ферма "оның жеке бақылауында" екенін мойындағанын еске салды. Солардың бірі "Қамбар-Ата-2" нысанында орналасқан.

"Бұл – Максим Бакиев пен Ширшовқа тиесілі майнинг-ферма. Ал сен солармен байланысың бар екенін ашық мойындадың. Қоғам бірнеше жыл бойы айтып келе жатқан қылмыстық құрылымдармен тікелей байланыс деген – дәл осы. Және бұл майнинг-фермалар энергокризистің туындауына үлкен үлес қосты", – деп жазды бұрынғы президент.

Ол алғашқы ауыр энергокризистің Бакиев кезінде болғанын, ол кезде Жапаров бүгінгі "достарымен" энергетика секторын басқарғанын атап өтті.

Атамбаев қазіргі жағдайды сипаттай отырып, мемлекеттік сатып алулардың, тендерлердің, тіпті су деңгейінің өзі құпияға айналғанын, нысандардың нақты құны жарияланбайтынын айтты. Ол соңғы бес жылда Қырғызстанның мемлекеттік қарызы 4 миллиард долларға артқанын, инфляция халықты қысып тұрғанын, жалақы бағаға ілеспейтінін жеткізді. Сонымен бірге, бақылаусыз иммиграция мен жердің шетелдіктерге жаппай сатылуын "жемқор экономикалық саясаттың салдары" деп атады.

"Қырғызстанда енді жеке меншік құқығы жоқ. Ел – кез келген кәсіпкердің ертең ойдан шығарылған себеппен мүлкінен айырылып қалуы мүмкін территорияға айналды. Үйлер сотсыз сүріледі, жер мен мүліктер тартып алынады. Бизнес салықтармен, рейдерлікпен, қолдан жасалған қылмыстық істермен тұншықтырылып жатыр", – деді ол.

Ол Қырғызстандағы сөз бостандығының күрт төмендегенін еске салды: 2017 жылы ел 89-орында болса, қазір Уганда, Ангола және Конгадан кейін 144-орында тұрғанын айтты.

"Шындықты айтқандар экстремист деп танылып, түрмеге қамалады. Елде әділ сайлау жоқ. Оппозициялық партиялар жойылған. Парламент институты да құлдыраған. Баға өсімімен және кедейлікпен күресудің орнына, сіздер акындармен, журналистермен, белсенділермен және тәуелсіз сөзбен күресіп жүрсіздер", – деді Атамбаев.

Соңында ол Садыр Жапаровқа және ел халқына үндеу жасады:

"Садыр інім, мен сенемін: уақыт бәрін өз орнына қояды. Әділ сот болады. Заңсыз үкім шығарғандардың барлығы жауап береді. Елде демократия мен бостандық қайта орнайды. Үйлерде жарық, жылу, тыныштық болады…

Өтіріктің уақыты бітеді. Ақиқаттың уақыты келеді. Құрметті отандастарым, жерлестерім, өздеріңізді сақтаңыздар! Баршаңызға денсаулық пен бақыт, Отанымызға гүлдену тілеймін".

Айта кетейік, Алмазбек Атамбаев пен Садыр Жапаров арасындағы текетірес 2010-жылдардан бастау алады. 2017 жылы Жапаров қамауға алынып, оның жақтастары бұл істі Атамбаев билігінің саяси тапсырысы деп санады. 2020 жылғы қазан оқиғаларынан кейін билік ауысып, Жапаров президент атанды, ал Атамбаев қамауға алынды. Содан бері екі саясаткер бір-бірін елдегі дағдарыстар мен саяси проблемалар үшін айыптап келеді. Энергокризиске байланысты соңғы текетірес олардың арасындағы ұзақ жылдық саяси тартыстың жалғасы болып отыр.

 

Комментарии
Другие материалы