Ақтөбе облысы әкімінің тікелей қолдауымен өтетін «Сыбаға» фестивалі – Ақтөбе облысында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызы зор мәдени шара. Бұл Қазақстанның Материалдық емес мәдени мұрасының бірнеше бағытын жалпы халыққа және жас ұрпаққа насихаттауға практикалық негіз болатын маңызды шара.
«Сыбаға» фестивалінің негізгі мақсаты – қазақ халқының дастархан мәдениетін, қонақжайлылық дәстүрін, ас беру мәдениетін, ұлттық тағам түрлерін және этнографиялық мұраны кеңінен таныту.
Ағымдағы жылғы 4 желтоқсан күні Ақтөбе облысының колледждері мен мектептерінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «СЫБАҒА» ұлттық дәстүрлер фестивалі аясында бірқатар рухани-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Фестивальдің мақсаты – білім алушыларды ұлттық мұраға баулу, шешендік өнер, жыршылық дәстүр, ұлттық ойындар мен киім мәдениетін насихаттау, сондай-ақ мектеп пен колледждердегі рухани-адамгершілік тәрбиені күшейту.

Айтылған фестивальдің негізгі бағыттары мәдени рухани құндылықтар болғандықтан, Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бұл шараны аса жоғары деңгейде ұйымдастыра білді.
Отандық және шетелдік дизайнерлер Ақтөбеде ұлттық сән фестивалінде топтамаларын көрсетті
«Сыбаға – 2025» ұлттық дәстүрлер фестивалі Өнер орталығының алдында өткен «Алтыбақан» мәдени ойын-сауық бағдарламасымен басталды. Ұлттық ойындар мен дәстүрлі әуендер тоғысқан, ұлттық нақышқа толы сахналық көріністер фестивальдің басталуына сән беріп, келген жұртшылықты өнер мерекесінің рухына бөледі.
Этнофестивальдің ашылу салтанатында облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөз сөйлеп, «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалінің аймақта екінші жыл қатарынан өткізіліп отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, 4–6 желтоқсан күндерін қамтитын фестивальдің әр күні ұлттық рухани құндылықтарды дәріптейтін бағдарламаларға құрылған.

Еске салайық, фестивальдің бірінші күні – «Тағылым»; екінші күні – «Дәстүрлер жаңғырығы»; Үшінші күні – «Салбурын» атауымен белгіленген. Тағы бір маңызды шара - 4–6 желтоқсан күндері ауыл-аймақтарда соғымның дәстүрлі сыбағасы таратылып, үлкен-кішіге құрмет көрсетілуінде.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында «Өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет» - деп атап өткен болатын. Салт-дәстүр – адамзат үшін ілгерілеудің сарқылмас қайнар көзі. Ғылыми-техникалық прогресс қанша дамығанымен, қолда бар жетістіктердің іргетасын қалаған құндылықтардан бас тартуға болмайтындығын өскелең ұрпаққа жеткізу басты міндет», - деді өңір басшысы. 
Айтып өту керек, Ақтөбеде өтіп жатқан халықаралық инвестициялық форум аясында 20 мемлекеттен келген делегация және 7 елші шараға қатысты. Әкім қонақтарға ризашылығын білдіріп, ұлттық мәдениетті дамытуға атсалысып жүрген шеберлер мен өнерсүйер қауымға алғысын жеткізді.
Ұлттық болмысымызды дәріптеп, ата-бабадан мирас болған рухани қазынаны заманауи үлгіде насихаттауға бағытталған этнофестиваль аясында «Дәстүрлер жаңғырығы» атты үлкен концерттік бағдарлама өтті.
Бағдарлама барысында көрермендерге халық әндері, жыр-дастандар, күйлер, ұлттық аспаптық композициялар, сондай-ақ отандық дизайнерлердің этностильдегі топтамалары ұсынылды.«Тәрбия», Мейрамгүл Таубатырова, Қырғызстаү Республикасынан Гүлмира Акматова, Сәбина Күнкей, маңғыстаулық Жаннар Меңдіқұлова, Инабат Ескендір сынды дизайнерлердің топтамалары ұлттық киім мәдениетінің әсем өрнегін паш етті.
«Сыбаға – 2025» фестивалінің «Дәстүрлер жаңғырығы» шарасы ұлттық өнердің кең тынысын көрсетіп, дәстүр мен жаңашылдықты үйлестірген Материалдық емес мәдени мұраның бірнеше саласын жас ұрпаққа насихаттауда, толыққанды мәдени іс-шара ретінде жоғары бағаланды.
Фестиваль аясында Мәдениет және спорт басқармалары Материалдық емес мәдени мұра элементтерінен бірнеше іс-шаралар ұйымдастырды:
1. «Сөз саптау – өнердің басы» шешендік өнер сайысы (дебат):
Өтетін орны: Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжі (Сағи Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасы);
Уақыты: 2025 ж. 4 желтоқсан, 12:00-13:00;
2. «Жыр мұрасы – рухани қазына» жыр-дастандар орындау кеші:
Өтетін орны: Ақтөбе гуманитарлық жоғары колледжі:
Уақыты: 2025 ж. 4 желтоқсан, 11:00–12:00;
3. «Ұлттық киім – мәдениеттің айнасы» ұлттық киімдер флешмобы:
Өтетін орны: Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі;
Уақыты: 2025 ж. 4 желтоқсан, 10:00–11:00;
4. «Салт пен сана» көрмесі:
Өтетін орны: Ақтөбе қаласы, №51 гимназия;
Уақыты: 2025 ж. 4 желтоқсан, 10:00–11:00;
Шара туралы: Ұлттық салт-дәстүрлер, тұрмыстық бұйымдар, қолөнер үлгілерінен құралған танымдық көрме ұйымдастырылады.
5. «Асық ату – мергендік мектебі» әкелер мен оқушылар сайысы:
Өтетін орны: Ақтөбе қаласы, М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебі;
Уақыты: 2025 ж. 4 желтоқсан, 12:00–13:00;
Шара туралы: Қазақтың ұлттық ойыны – асық ату бойынша әкелер мен балалар арасында сайыс ұйымдастырылады;
6. «Жеті қазына мен жеті ата – ұлт тірегі» бейнебаян таныстырылымы:
Өтетін орны: Ақтөбе қаласы, №30 қазақ орта мектебі;
Уақыты: 2025 ж. 4 желтоқсан, 14:00–15:00;
Шара туралы: Ұлттық танымдық құндылықтарды дәріптейтін бейнебаян көрсетіліп, мазмұны талқыланады;
Барлық іс-шаралар «СЫБАҒА» ұлттық дәстүрлер фестивалі тұжырымдамасын жүзеге асыру, ұлттық рухани мұраны дәріптеу және жастардың мәдени-рухани дүниетанымын кеңейтуге бағытталған.