Қазақ хандығы жайлы "сирек" делінген құжаттардың көрмесі ашылды

120
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/c4x9YQagRnvgRuwUyQrrazq2Dw9GIqhKJmosNvhX.webp

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Ұлы Дала тарихы Иран деректерінде» атты көрме ашылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді.

Көрмеге алғаш рет Иран Ислам Республикасының сыртқы істер министрлігі архивтерінен табылған 27 ежелгі парсы қолжазбасының көшірмелері қойылды.

Көрмедегі экспонаттар XVIII–XIX ғасырларда Қазақстан аумағында болған әлеуметтік-саяси және экономикалық үдерістер туралы құнды мәліметтерді қамтиды.

Көрме бұдан алдын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкианның назарына ұсынылған болатын.

 Құжаттар Иран президентінің Астанаға ресми сапары аясында Қазақстанға берілген.

Экспозициямен танысқан Мемлекет басшысы ирандық әріптесіне тарихи материалдарды ұсынғаны үшін алғыс айтып, олардың отандық ғылым мен қоғам үшін маңыздылығын атап өтті.

"Бұл – өте құнды сыйлық. Біз міндетті түрде қазақ қауымына бұл көрмені көрсетіп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен дәріптейміз. Бұрын беймәлім болған тарихи деректер бар. Қазақ халқына пайдасы зор болады деп ойлаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қолжазбаларда Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, Тәуке және Әбілқайыр хандардың иран шахтарымен дипломатиялық байланыстары, Түркістандағы саяси ахуал, сондай-ақ көмір, темір, мыс, қорғасын және бирюза кеніштерін игеру мәселелері сипатталған.

Архивтік материалдар Қазақстан мен Иран арасындағы тарихи байланыстардың тығыз болғанын көрсетеді. Екі ел аумағы арқылы Ұлы Жібек жолы өтіп, сауда, мәдени және рухани ықпалдастықтың дамуына жол ашқан.

Комментарии
Другие материалы