Аутизмді қабылдау: АҚШ тәжірибесі және қоғам рөлі

78
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ApuABFvLG9G8izcq6opGXhdsduFPfQ1uCj81uQNu.jpg

Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» ғылыми тағылымдамасы аясында UC Davis университетінде тағылымдамадан өту кезінде Сакраменто қаласында өткен «Enlightenment: The Latest Research on Autism» семинарына қатысу мүмкіндігі туды. Семинар аутизм мәселесін ғылыми және қоғамдық қырынан қарастыруға жол ашты.

Семинарды психология, даму және аутизм саласындағы жетекші ғалым, PhD дәрежесінің иегері Aubyn Stahmer жүргізді. Ол аутизм спектрінің бұзылуын (АСБ) ерте диагностикалау, балалар мен отбасыларды қолдауға бағытталған қоғаммен жұмыс, инклюзивті білім беру және коучинг жүйесін дамыту саласында ұзақ жылдар бойы зерттеу жүргізіп келеді. Ғалым – 150-ден астам ғылыми мақаланың авторы, АҚШ Ұлттық денсаулық институты (NIH) қаржыландыратын ірі жобалардың жетекшісі әрі UC Davis MIND Institute ғылыми орталығының директоры.

UC Davis MIND Institute – нейроәртүрлілікке қатысты мәселелерді кешенді  түрде зерттейтін ғылыми-клиникалық орталық. Мұнда аутизм, СДВГ (ADHD), Даун синдромы, церебралды сал ауруы сияқты даму ерекшеліктері зерттеліп, балалар мен отбасыларға арналған интервенциялық бағдарламалар іске асырылады. Институттың басты ұстанымы – ғылыми білімді тек теория деңгейінде қалдырмай, оны нақты қоғамға пайдалы практикалық құралға айналдыру.

Семинар барысында аутизм мәселесіне қатысты бірқатар өзекті деректер ұсынылды. Соңғы жылдары аутизм спектрінің бұзылуының таралуы айтарлықтай артқан. Бұрын бұл диагноз 500 баланың бірінде ғана анықталса, бүгінде әр 31 баланың бірінде кездеседі. Мамандар бұл өсімді диагностика әдістерінің жетілуімен және қоғамдағы ақпараттандыру деңгейінің артуымен байланыстырады.

Алайда статистиканың артуы мәселенің өзектілігін күшейте түседі. Диагноз қойылған балалар мен олардың отбасыларына уақытылы әрі қолжетімді көмек көрсету – қоғам алдындағы маңызды міндет. Семинарда медициналық көмектен бөлек, мектеп, үй және қоғам ортасында көрсетілетін қолдаудың тиімділігі ерекше атап өтілді. Әсіресе ауылдық жерлерде тұратын және әлеуметтік осал топтағы отбасылардың қажетті қызметтерге қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі екені айтылды.

Сондай-ақ, аутизм спектрінің бұзылуы бар адамдардың әлеуетін ашу мәселесіне ерекше назар аударылды. АСБ-мен өмір сүретін жастарға өмірлік дағдыларды меңгеруге, дербес болуға және қоғамға белсенді араласуға мүмкіндік беру – инклюзивті қоғам қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі. Қабылдау мен түсіністік тек әлеуметтік қолдау ғана емес, мәдени дамудың да маңызды көрсеткіші екені баса айтылды.

UC Davis MIND Institute құрамында генетика, ми қызметі, ерте араласу бағдарламалары және қоғамдық жобалар бағытында жұмыс істейтін 60-тан астам ғалым еңбек етеді. Институттың басты мақсаты – ғылыми зерттеулер нәтижесін адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағыттау. Осы тұрғыдан алғанда, ашық форматтағы семинарлар ғылым мен қоғам арасындағы байланысты нығайтудың тиімді жолы болып табылады.

Бұл семинар өзінің ашық форматы, ғылыми мазмұны және аудиторияның әртүрлілігімен ерекшеленді. Ата-аналар, мұғалімдер, мамандар мен ғалымдардың бір алаңда бас қосуы, еркін сұрақ-жауап форматы пікір алмасуға мүмкіндік берді. Ғалымның қарапайым әрі халыққа жақын ұстанымы шараның әсерін арттыра түсті.

Ғалым әрі ана ретінде аутизмнің таралуы және осы адамдардың болашағы туралы ойланбай қалу мүмкін емес. Қазіргі таңда АСБ-мен өмір сүретін көптеген адамдардың еңбек нарығына толық кіріге алмауы әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға әкелуі ықтимал. Бұл өз кезегінде отбасыларға да, жалпы қоғамға да салмақ түсіреді.

Осыған байланысты, Қазақстанда қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерін ғалымдармен қатар, ата-аналар, мұғалімдер және қоғам мүшелері арасында ашық талқылау аса маңызды. Денсаулық сақтау, білім беру және экология салаларында осындай қолжетімді форматтағы семинарларды жиі өткізу қоғамның жауапкершілігін арттырып, өзара түсіністікті нығайта түсер еді.

Райхан Еркебай,
медицина ғылымдарының кандидаты,
«Болашақ» бағдарламасының стипендиаты,
Калифорния университеті, Дэвис, АҚШ

Комментарии
Другие материалы