Үндістан Ресей мұнайы импортын қысқартып, АҚШ-пен сауданы қыздырмақ

192
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/yexEBWernU4IiYM8j3pAv3m9GTxuU9ZMDbQMuKsx.jpg

Үндістанның мемлекеттік Indian Oil және Bharat Petroleum компаниялары, сондай-ақ жекеменшік Reliance Industries ресейлік мұнай жеткізуге арналған жаңа ұсыныстарды қабылдауды тоқтатты. Әңгіме наурыз–сәуір айларына жоспарланған партиялар туралы болып отыр. Бұл туралы Reuters агенттігі саладағы дереккөздерге сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды "Адырна".

Дереккөздер мәлімдегендей, компаниялар бұл шешімді алдағы уақытта да ұстануды жоспарлап отыр. Бұл қадамның себебі – Үндістан мен АҚШ арасындағы сауда келісімін қолдау және америкалық тараппен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты күшейту әрекеті.

Сонымен қатар, көптеген басқа үнді мұнай өңдеу зауыттары ресейлік мұнай сатып алуды тоқтатқан. Жеткізілімдердің қайта басталуы тек Үндістан үкіметінің рұқсатымен мүмкін болады. Мұндай рұқсат, әсіресе, Еуроодақ санкциясына іліккен және үлесінің бір бөлігі «Роснефтьке» тиесілі Nayara Energy компаниясына берілуі ықтимал.

АҚШ президенті Дональд Трамп 7 ақпанда үнді тауарларына салынған 25 пайыздық баж салығын алып тастады. Ол Нью-Делидің Ресей мұнайын «тікелей немесе жанама» импорттауды тоқтатуға міндеттеме алғанын атап өтті. Трамп АҚШ бұл жағдайды бақылауда ұстайтынын және жеткізілімдер қайта басталса тарифтерді қайта енгізуі мүмкін екенін ескертті.

Аталған шаралар аясында АҚШ пен Үндістан рамалық сауда келісіміне қол қойып, Үндістан бес жыл ішінде америкалық өнімдерге 500 млрд доллар көлемінде тапсырыс беруге міндеттелді. Келісімге энергия ресурстары, ұшақтар мен авиациялық бөлшектер, бағалы металдар, технологиялық тауарлар және көмір кіреді.

2022 жылы Украинадағы соғыстан кейін Үндістан ресейлік мұнайдың ең ірі сатып алушысына айналған. Сол кезеңде Батыс санкцияларының әсерінен ұсынылған жеңілдіктер арқасында жеткізілім көлемі тәулігіне шамамен 2 млн баррельге жеткен. Алайда кейін АҚШ пен Еуроодақ қысымымен импорт азайып, Reuters дерегінше, көктемде бұл көрсеткіш 500–600 мың баррельге дейін төмендеуі мүмкін. Осыған байланысты үнді мұнай өңдеу зауыттары Таяу Шығыс, Африка және Оңтүстік Америка елдерінен мұнай импортын арттыруда.

Комментарии
Другие материалы