Мектеп ауласында мемлекеттік рәміздерді жоюға қатысты видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Павлодар қаласында мектеп ауласында мемлекеттік ту өртеліп, елтаңба сындырылған видео әлеуметтік желілерде тарап, қоғамда қызу талқылауға себеп болды.
Оқиға 5 ақпанда Машһүр Жүсіп атындағы мектеп ауласында болған. Кадрларда бір топ адамның шелекте мемлекеттік туды өртеп, кейін бірнеше адамның балғамен елтаңбаны сындырып жатқанын көруге болады.
Қалалық білім бөлімі бұл жағдайға түсініктеме беріп, аталған әрекеттер вандализм емес, талапқа сай келмейтін мемлекеттік рәміздерді жоспарлы түрде утилизациялау жұмыстары болғанын мәлімдеді. Жұмыс арнайы комиссия арқылы жүргізіліп, тиісті актімен рәсімделген. Ал видео тек қызметтік есеп үшін түсірілген.
Ведомствоның мәліметінше, іс-шараны ұйымдастыру мен өткізу кезінде бақылаудың жеткіліксіз болуына байланысты мектеп директорына қатаң сөгіс жарияланған. Қызметтік видеоны әлеуметтік желіге кім таратқаны әзірге анықталмаған.
Мамандардың айтуынша, ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін немесе тозған мемлекеттік рәміздер арнайы комиссия шешімімен жойылады. Олар қайта қолдануға болмайтындай етіп өртеледі, балқытылады немесе ұсақ бөлшектерге бөлінеді.
Сонымен қатар, рәміздерді заңсыз пайдалану әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Ал оларды қорлау фактілері бойынша айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.