Чилиде 60 мың адам қатысқан фестивальде Димаштың әндері шырқалды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/gfpCm5sfsAScLKsXboTnbxQOTOVfBInk6jkXHItR.png

Чилидің Вальдивия қаласында әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған мәдени акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Dimashnews.kz-ке сілтеме жасап.

Аталған іс-шара қаланың негізі қаланған күнге орай жыл сайын өткізілетін, ауқымды мәдени-музыкалық және қоғамдық бағдарламалармен қатар жүретін дәстүрлі қалалық фестиваль шеңберінде жүзеге асырылған. Ал биылғы мерекелік шарада 60 мыңнан астам адам қатысқан.

«Бастама Чилидің әр қаласындағы Димаш жанкүйерлерінің қолдауымен жүзеге асты. Вальдивияға Калама, Сантьяго, Винья-дель-Мар, Консепсьон, Чильян, Лос-Анджелес және Темуко қалаларынан жиналған Dears қауымдастығы өкілдері арнайы келді. Кейбірі мерекеге қатысып, қазақстандық өнерпаз шығармашылығын жаңа тыңдарманға таныстыру үшін 850 шақырымға жуық жол жүріп өтті»,- делінген хабарламада.

Қатты жауынға қарамастан, жанкүйерлер қаланың жағалау бөлігінде QR-коды бар ақпараттық материалдар таратып, акция қонақтарына Димаштың әндерін тыңдап, шығармашылығымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берген. Музыкалық бағдарлама қалалық мейрамханалардың бірінде өткен. Чилилік әнші Pablo Romero кеш барысында Димаш репертуарындағы All by Myself, Mahabat Ber Magan, Adagio және S.O.S. композицияларын орындаған.

Кеш қонақтарына ішекті ансамбль де өнер көрсеткен. Сахнада скрипкада Isaac Ulloa, виолончельде Samuel Carreño, фортепианода Roberto Sánchez ойнап, Olimpico және The Love of Tired Swans шығармаларының аспаптық нұсқаларын ұсынған.

Комментарии
Другие материалы