Көрінбейтін көсемнің көзірі – Ормуз. Кіші Хаменеи ә дегенде АҚШ-қа азуын көрсетті

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/8z81m5Sg9OH6p1MgabvHClqtfucA0lXWmS2knAqa.jpg

Иранның жаңа Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи халыққа алғашқы ресми үндеуін жариялады. Оның мәлімдемесі теледидар арқылы оқылып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарады. Үндеу барысында көшбасшы кадрға шыққан жоқ, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Tasnim News Agency агенттігіне сілтеме жасап.

Алғашқы сөзінде Хаменеи аймақта орналасқан АҚШ-тың әскери базалары туралы қатаң мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Таяу Шығыстағы барлық америкалық әскери нысандар дереу жабылуы тиіс. Әйтпесе, олар Иран тарапынан соққы жасалуы мүмкін нысаналарға айналатынын ескертті.

Сонымен қатар ол Израиль мен АҚШ тарапынан жасалған шабуылдар салдарынан қаза тапқан бейбіт тұрғындар үшін Иран кек қайтаратынын мәлімдеді. Хаменеи егер қақтығыс тоқтамаса, Тегеран жаңа бағыттарда әскери операциялар жүргізуге дайын екенін айтты.

Үндеу барысында Иран басшысы жеке отбасына қатысты қайғылы жағдайды да растады. Ол жұбайы мен әпкесінің қаза тапқанын хабарлады.

Моджтаба Хаменеи өз сөзінде әлемдік мұнай тасымалы өтетін маңызды теңіз жолдарының бірі – Ормуз бұғазы туралы да айтты. Оның пікірінше, бұл аймақ Иран үшін стратегиялық маңызы зор құрал болып саналады.

«Ормуз бұғазын жабу механизмі қажет болған жағдайда міндетті түрде қолданылуы тиіс», – деді ол.

Хаменеи қарсы тараптың кейбір бағыттарда тәжірибесі аз әрі осал тұстары бар екенін атап өтті. Егер әскери қақтығыс жалғасатын болса, Иран бұл тетікті іске қосуы мүмкін екенін ескертті.

Иран басшысы АҚШ-тан әскери шабуылдар салдарынан келген шығын үшін өтемақы талап етілетінін де мәлімдеді. Оның сөзінше, егер Вашингтон бұл талаптан бас тартса, Тегеран «қажет деп тапқан көлемде» өтемді өз тәсілімен алуы мүмкін.

Сонымен қатар, егер активтерді тікелей алу мүмкін болмаса, Иран қарсы тараптың мүлкіне «айнадағыдай жауап» беру құқығын сақтайтынын айтты.

Айта кетсек, бұған дейін Иранның Қазақстандағы елшісі Әли Әкбар Джоукар Иранның ислам революциясы жетекшісі Моджтаба Хаменеи сайланғаннан кейін оның әлі көпшілік алдына неге шықпағаны туралы пікір білдірген болатын.

Елші Моджтаба Хаменеидің алған жарақаты аса ауыр емес екенін және бұл жағдайға байланысты түрлі алып-қашпа әңгімелердің таралуы мүмкін екенін атап өтті.

 

Комментарии
Другие материалы