7 жыл бұрын. Міз бақпаған Назарбаев президенттіктен кеткен күн

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/OedVYWVpNg6wAag6kiYR1iVITAT74yKHlQs4A6Zx.jpg

Биыл Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Президенті қызметінен кеткеніне тура жеті жыл толды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Ол 2019 жылғы 19 наурызда сағат 19:00-де халыққа үндеу жасап, өкілетін тоқтату туралы шешімін жариялаған еді.

Үндеуінде Назарбаев:

«Биыл еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметімді атқарып келе жатқаныма 30 жыл толады. Халқым маған тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу мүмкіндігін берді», – деген болатын.

Президенттік өкілеттігін тапсырғаннан кейін ел басқару тізгіні Қасым-Жомарт Тоқаев қолына өтті. Алайда Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы және Елбасы мәртебесі арқылы саяси ықпалын сақтап қалды.

Осы кезеңде қоғамда «қос билік» туралы пікірлер жиі айтылды. Назарбаев мұндай әңгімелерді жоққа шығарса, кейінгі жылдары Тоқаев та Қазақстанда қос билік болмауы тиіс екенін бірнеше рет мәлімдеді. Соңғы жеті жыл ішінде елдің саяси символикасында да өзгерістер болды. 2019 жылы Астана қаласы Нұр-Сұлтан деп өзгертіліп, 2022 жылы қайтадан бұрынғы Астана атауы қайтарылды.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі дағдарыстардың бірі болды. Алғашында газ бағасының қымбаттауына байланысты басталған наразылықтар елдің бірқатар өңірінде тәртіпсіздікке ұласты. Ресми дерек бойынша, 238 адам қаза тапты. Осы оқиғадан кейін Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі төрағасы қызметінен кетті және өзін «зейнеткермін» деп жариялады. Ол барлық билік Тоқаевтың қолында екенін атап өтті.

Қаңтар оқиғасынан кейін бірқатар саяси реформалар жүргізілді. Соның ішінде Назарбаевтың Елбасы мәртебесі алынып тасталды. Бұл оның саяси жүйедегі институционалдық рөлінің толық аяқталғанын көрсетті. 2023 жылы Назарбаев 700 беттен тұратын «Менің өмірім» атты мемуарын жариялады. Кітапта ол Қаңтар оқиғасына «билік үшін күрес» себеп болғанын жазды. Сондай-ақ, алғаш рет өзінің екі ұлы бар екенін ашық мәлімдеді.

Соңғы жылдары Назарбаев қоғамдық өмірге сирек араласады. Соған қарамастан, ол кейбір маңызды саяси оқиғаларда, соның ішінде сайлау мен референдумдарда көрініп тұрады.

Комментарии
Другие материалы