Өзбекстан мен Тәжікстан 10 бірлескен өндірістік жобаны іске қосты

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/gQvaG51cgYQe9BUUENcbKzHWU44Gk2RkTllf4ozO.jpg

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан өзбек-тәжік ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам жасады. Шавкат Мирзиёевтің Душанбеге сапары барысында екі ел басшысы бірлескен 10 өнеркәсіптік кооперация жобасының іске қосылуына қатысып, экономикалық әріптестікті тереңдетуге бағытталған ауқымды келісімдерге қол қойды, деп хабарлайды “Адырна”.

Жаңа жобалар екі елдің өндірістік әлеуетін арттыруға және өзара сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған. Атап айтқанда, жиһаз және былғары өнімдерін шығаратын кәсіпорындар құру, тұрмыстық техника өндірісін кеңейту, Тәжікстан аумағында тоқыма өндірісін дамыту көзделіп отыр. Сонымен қатар, Ташкентте тұрғын үй кешендері мен сауда нысандары салынып, Ферғана облысында консерві өнімдерін шығару жолға қойылады.

Өнеркәсіптік бағытпен қатар, агроөнеркәсіп саласы да назардан тыс қалған жоқ. Әндіжан облысында сүт өнімдерін өндіру, ал Сурхандария облысында жеміс шырындары мен металл брикеттерін шығару жобалары іске қосылды. Бұл бастамалар өңірлердегі өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Келіссөздер нәтижесінде тараптар стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды нығайту туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сондай-ақ үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде бірқатар құжаттарға қол қойылып, сауда айналымын арттыру, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері қамтылды. Атап айтқанда, тауарлардың шығу тегін электронды сертификаттау жүйесін енгізу және «E-Permit» жүйесін пайдалану жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, денсаулық сақтау, ғылым және шекара маңындағы радиожиіліктерді реттеу салаларында да ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімдерге қол жеткізілді. Екі ел 2026–2028 жылдарға арналған бірқатар бағдарламалар мен «жол карталарын» бекітіп, өнеркәсіп, инновация, тау-кен өндірісі, туризм, ауыл шаруашылығы және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға басымдық берді.

Сапар аясында символдық маңызы бар тағы бір оқиға орын алды — Жаңа Ташкент қаласындағы көшелердің біріне Душанбе қаласының атауы берілді. Бұл екі халық арасындағы достық пен өзара құрметтің белгісі ретінде бағалануда.

Сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы экономикалық байланыстар айтарлықтай нығайған. Мәселен, 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 718,3 млн АҚШ долларына жетіп, бір жыл ішінде 22,5%-ға өскен. Бұл көрсеткіштер екіжақты ынтымақтастықтың тұрақты өсім траекториясында екенін көрсетеді.

Жалпы алғанда, іске қосылған жаңа жобалар мен қол қойылған келісімдер Орталық Азиядағы өңіраралық интеграцияны күшейтіп, екі елдің экономикалық дамуына серпін береді деп күтілуде.

Комментарии
Другие материалы