Тоқаев Түркия вице-президентімен Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/oOh77VFAFUuJhsefuEdTN1HRBLoiLKq2kgdZxGZD.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия вице-президенті Джевдет Йылмазбен кездесті. Бұл туралы бүгін, 15 сәуірде Ақорда жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Президент елімізге алғаш рет сапармен келген Джевдет Йылмазға ілтипат білдіре отырып, бауырлас Түркия Қазақстанның стратегиялық серіктесі екеніне назар аударды.

«Бауырластығымыз өзара сенім мен құрметке негізделген. Дипломатиялық қатынас орнаған 35 жылға жуық уақыт ішінде біз көптеген биік белесті бағындырдық. Қарым-қатынасымыз жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Арамызда ешқандай түйткіл жоқ. 14 мамырда Президент Режеп Тайип Ердоған елімізге мемлекеттік сапармен келеді. Сапар аясында Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің кезекті отырысын өткіземіз. Жаңа келісімдерге қол қоямыз»,- деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Астанада Қазақстан премьер-министрі және Түркия вице-президентінің тең төрағалығымен өткен Үкіметаралық комиссия қорытындысы екі елдің сан қырлы әріптестігін одан әрі жандандыра түсетініне сенім білдірді.

Әңгімелесу барысында екі елдің сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту перспективасы талқыланды. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым, энергетика, логистика, агроөнеркәсіп кешені, білім және туризм салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джевдет Йылмаз халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, Таяу Шығыстағы күрделі ахуал жөнінде пікір алмасты.

Мемлекет басшысы Түркияның аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін жоғары бағалап, алдағы Анталия дипломатиялық форумына қатысатынын растады.

 

Комментарии
Другие материалы