Мектеп оқушысы биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/BUMJImfZ9kOv866li9favN18Ei4gO2k6J2vFxfdY.webp

Тараз қаласындағы №40 гимназия аумағында 10-сынып оқушысы биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жамбыл облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты ақпаратты растады. Ведомствоның мәліметінше, аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 114-бабының 3-бөлігі – «Абайсызда ауыр дене жарақатын келтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын тексеріп жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ құқық қорғау органдары Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.

БАҚ мәліметінше, жасөспірім мектеп ғимаратының сыртында орналасқан өрттен эвакуациялау баспалдағына шыққан. Бейнебақылау камераларындағы жазбаларда оның қоршауда отырғаны, кейін тепе-теңдігін жоғалтып, құлап кеткені байқалады.

Оқиғадан кейін оқушы облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оған ми жарақаты, оң жақ сан сүйегі мен бұғана сүйегінің сынуы, сондай-ақ ішкі мүшелерінің зақымдануы диагнозын қойған. Қазіргі уақытта жасөспірім жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы өте ауыр деп бағалануда.

Комментарии
Другие материалы