Сурет ЖИ көмегімен жасалды
21–23 сәуірде Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх Қазақстанның шақыртуымен мемлекеттік сапармен Астанаға келген. Мемлекеттер арасында түрлі сала бойынша 13 түрлі құжатқа қол қойылған. Солардың арасында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Шыңғысхан ұлттық музейі арасында да ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойылды.
Бұл келісімге институт бас директоры, академик Зиябек Қабылдинов пен музей директоры, академик Сампилдондовын Чулуун қол қойған. Меморандум аясында Қазақстан мен Моңғолия тарихшыларының бірлескен қауымдастығын құру, Моңғолиядағы қазақтардың тарихын зерттеу, сондай-ақ Шыңғыс әулеті мен Жошы ұлысы кезеңдеріне қатысты ортақ ғылыми экспедициялар ұйымдастыру көзделген. Тараптар бұдан бөлек бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, халықаралық конференциялар өткізу, жас ғалымдарға арналған тағылымдамалар ұйымдастыру және Scopus базасында индекстелген журналдарда ортақ жарияланымдар әзірлеу жөнінде келісімге келді. Сондай-ақ XVII–XVIII ғасырлардың бірінші жартысындағы қазақ-жоңғар қатынастарына қатысты тарихи құжаттар жинағын бірлесіп шығару жоспары да бар.
Ғылым саласында нендей өзгеріс күтіледі? Ғалым, шығыстанушы-ирантанушы Жомарт Жеңіспен «Адырна» тілшісі сұхбаттасып көрді.
- Моңғолия президенті сапарының ерекшелігі неде?
- Моңғолия – біздің тарихи дәстүрлі көршіміз, көне көшпенді мемлекеттердің орталығы болған. Осы мемлекет пен осы екі халық - қазақ халқы мен моңғол халқының арасындағы байланыстар жан-жақты даму керек және Моңғолия президентінің біздің елімізге сапары осы екі жақты байланыстардың арасындағы кейбір өзекті мәселелердің шешімін табуына ықпал етеді деп ойлаймын.
Мысалы, екі елдің арасында көлік қатынасы, логистика мәселесі осы сапар барысында шешімін тапты. Өйткені ол – өте өзекті мәселе. Моңғолия теңізге шығатын жолы жоқ, өзіңіз білесіз, Ресейде қазір жағдай қандай екен, оңтүстігінде Қытай – осы екі елмен ғана шекараласады. Сол ретпен келгенде Моңғолия Қазақстан арқылы әлемдік базарларға шыға алады. Негізі менің ойымша, осы сапарда Моңғолия, Қазақстан үшін де ең үлкен маңызы осы болды деп ойлаймын.
Екінші жағынан, Қазақстан өзінің тауарларын Моңғолияға экспорттай алады. Құрылыс тауарлары бізде қазір көп, сапалы шығып жатыр. Азық-түлік өнімдері, дәрі-дәрмек, көптеген тауар түрлері шығады Қазақстанда. Міне, осы кездесуде транспорт жолы да реттелді.
- Сапар барысында екі ел тарихшылары қол қойған меморандум жұрт назарын аударғандай. Қазақстан мен Моңғолия тарихшыларының бірлескен қауымдастығын құрудың ғылыми маңызы неде? Бұл бастама өңірлік тарихты қайта қарауға қалай әсер етуі мүмкін?
- Біз тарихшылар үшін осы Шыңғыс хан музейінің директоры мен біздің Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов бірігіп жұмыс істеу туралы келісімге қол қойды. Мұның ғылыми маңызы, ең біріншіден, қазақ-моңғол тарихшыларының қауымдастығын құру. Қазір Моңғолияның Тарих институты, Ғылым академиясы, Шыңғыс хан музейімен келісімге келіп жатырмыз, бірақ осы бірлесіп жұмыс жасау бойынша әлі де бізде көп мәселелер толып жатыр, зерттейтін тақырыптар көп.
Орта ғасырлар, ерте орта ғасыр, кейінгі орта ғасыр, мына жаңа замандағы қарым-қатынастар, Жоңғар-Қазақ қарым-қатынасы, одан кейін кеңестік кезеңдегі қарым-қатынастарымыз туралы зерттеулер өте аз. Мінекей, осы қауымдастық құрылып жатса, екі елдің тарихшылары осы қауымдастыққа мүше, осы мәселелермен айналысар едік. Әрине, бірлескен жоба болғаннан кейін оны қаржыландыру керек, соны келісіп, қандай зерттеулер, қалай қаржыландырамыз, қандай жобалар қарастырылады – болашақтың еншісінде. Ең бастысы келісімге қол қойылды, тарихшылар қауымдастығы құрылды, енді ары қарай кезек-кезегімен жұмыс істей береміз.
- Шыңғыс әулеті мен Жошы ұлысына қатысты бірлескен экспедициялар нақты қандай жаңа деректер әкелуі мүмкін?
- Шыңғыс хан әулеті мен Жошы ұлысына қатысты бірлескен экспедициялар моңғол халқы мен қазақ халқының тамырының бір екенін дәлелдейтін болады. Бізде қазір өзіңіз білесіз, кейбір әуесқой тарихшылар, тарихқа қатысы жоқ тұлғалар Шыңғыс ханды "қазақ еді" деп негізсіз тұжырымдар айтуда. Бұл туралы, мысалы, Зардыхан Қинаятұлы өте үлкен еңбек жазды: "Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті" деген. Онда ғалым тәптіштеп түсіндіріп жазған еді.
Сондықтан Шыңғыс хан – ортақ тұлға, қазаққа да, моңғолға да ортақ тұлға. Біздің мемлекетіміздің сонау Қазақ хандығы құрылғалы бері, Қазақстанда хандық үкімет жойылғанға дейін Шыңғыс хан әулеті биледі. Оның ішінде Жошы әулеті. Сондықтан Шыңғыс хан, Жошы - біздің тарихымызда үлкен орны бар. Шыңғыс ханды иемденіп, "жеке қазақтың тұлғасы" деуден аулақпыз. Өйткені біз парсы, араб, қытай тіліндегі деректермен жұмыс істейміз. Бұл экспедициялардың алдына қойған мақсаты – қазақ және моңғол халқының тарихи тамырын, тарихи байланыстарын зерттеу және екі халықты одан әрі бір-біріне жақындату.
Енді біз кезінде "киіз туырлықты халық" деп көне кезеңдерден бері көрші, аралас-құралас тұрдық. Біздің дәстүріміз, мәдениетіміз, тіліміз - барлығы ұқсас. Олар да біз сияқты киіз үйде тұрады, олар да біз сияқты малға жақын, жауынгер, олар да біз сияқты қымыз ішеді. Сондықтан қазақ пен моңғолдың тарихи тамыры бір. Ал енді осы экспедициялар сол мәселені одан сайын дәлелдеп, бекіте түсетін болады.
- Бұған дейінгі зерттеулерден айырмашылығы неде болады?
- Бұған дейінгі зерттеулерден айырмашылығы – бұрын кеңестік кезеңде осы моңғол халқы мен қазақ халқының арасына сына қағып отырды да, екі халықты ажыратуға тырысты. Ол кезеңде тек қана туысқан халықтарды емес, бір халықтың өзін бір-бірінен ажыратуға, арасына от салуға тырысты. Енді ол кездегі зерттеу методологиясы да мына коммунистік идеологияның, орталықтың жасаған ережелеріне сай жүргізілді. Ал енді қазір кейінгі зерттеулердің айырмашылығы – тәуелсіз, нақты тарихи деректерге сүйеніп, нақты тәжірибелер, талқылаулар, әр ғалымның өз пікірін, өз зерттеулерінің нәтижесін, тұжырымдарын айту арқылы шешілетін болады. Қазір моңғол-қазақ қарым-қатынастарының жандануына қарсы топтар бар, мемлекеттер бар. Олар қолдарынан келгенше осы байланыстарға кедергі келтіргісі келеді. Сондықтан одан кейін араңдатулар, неше түрлі араңдатулар болады.
- Моңғол және қазақ архивтеріндегі деректердің ерекшелігі қандай? Оларды салыстыра зерттеу қандай жаңа тұжырымдарға әкелуі мүмкін?
- Моңғол және қазақ архивтеріндегі деректеріндегі ерекшеліктер аса жоқ. Біз моңғол мен қазақ халқы ұзақ уақыт социалистік лагерде болдық қой. Сондықтан біздегі мына архив жүйесі, оны сақтау, оны пайдалану ұқсас. Дегенмен, кейде бізде бар нәрсе оларда болмауы мүмкін, оларда бар нәрсе бізде болмай қалуы мүмкін. Сондықтан осы екі елдің архивтеріндегі сақтаулы құжаттарды салыстыра зерттеудің маңызы өте зор.
Дегенмен де сол кездегі мына кеңестік биліктің жүргізген саясаты, біздегі шаруашылық жүргізу тәсілдері, одан кейін үкіметтің, жергілікті үкіметтердің жүргізген саясаты, істеген әрекеттері – бәрі ұқсас болды. Дегенмен екеуі екі мемлекет болғандықтан, салыстыра зерттеудің маңызы зор деп ойлаймын.
- Моңғолиядағы қазақтардың тарихын зерттеуде қазіргі таңда қандай “ақтаңдақтар” бар? Осы меморандум сол олқылықтардың орнын толтыра ала ма?
- Моңғолияда қазақтардың тарихын зерттеуде ешқандай ақтаңдақтар жоқ. Ол белгілі. Сол аймаққа қазақтардың қалай барғаны, моңғол халқының, туысқан моңғол халқының оларды қалай қарсы алғаны, қалай олар жаңа жерде адаптацияға түсті, олардың тарихи Отанымен байланысы қандай болды, одан кейін қазақтар моңғол қоғамына қалай икемделді — осының барлығы зерттелген.
Моңғолияда, қазақтардың арасында зиялы өкілдері өте көп. Қазір бизнес өкілдері де көбейіп жатыр. Зиялы өкілдеріміз — тарихшылар Бабақұмар Хинаят, Нәпіл Базылхан, Зардыхан Қинаятұлы, Досан Баймолда — осы ғылымның әр саласында Моңғолиядан келген қандас тарихшылар, ғалымдар өте көп. Ол кісілер де осы мәселемен шұғылданып жатыр, моңғолиялық ғалымдар да шұғылданып жатыр.
Бұрынғыдай коммунистік идеология жоқ қазір, тарихи зерттеулерге ешқандай кедергі жоқ. Сондықтан, менің ойымша, екі елдің арасындағы, әсіресе, Моңғолияда қазақтардың тарихына қатысты ешқандай ақтаңдақтар жоқ. Моңғол үкіметі, моңғол халқы сол Моңғолиядағы Баян-Өлгейдегі қазақтарға барлық жағдай жасап отыр. Екі халықтың арасында ешқандай түсінбеушілік, келіспеушілік жоқ және осындай жағдайда ақтаңдақтар да болуы мүмкін емес деп ойлаймын
- Сұхбатыңызға рақмет!
Сымбат Наухан
"Адырна" ұлттық порталы
