Дронды сату үшін жасаған жоқпыз – Қизат Әсенұлы

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/umTubYQZis3tdcjjvAQQhnlNz1UujGjOSvpxCRlB.jpg

Коллаж ЖИ көмегімен өңделді

Дрон жасаумен айналысып жүрген Қизат Әсенұлы бұған биыл қаңтар айында кіріскенін айтады. Ол бұрын техникалық жобалармен айналысып, түрлі көліктерге қажетті құралдарды құрастырып келген.

Дрон өндірісі – Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Бұл сала ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға, экологиялық мониторинг жүргізуге және қауіпсіздік жүйелерін дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, отандық технологияны дамыту арқылы шетелдік жабдықтарға тәуелділікті азайтуға болады.

Әлемде дрон өндірісі соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Көптеген елдер бұл саланы тек тұтынушы деңгейінде емес, толыққанды өндіруші және технологиялық әзірлеуші бағытында дамытып жатыр.

Қазіргі таңда дрондар ауыл шаруашылығы, экология, логистика, төтенше жағдайлардың алдын алу және қорғаныс салаларында кеңінен қолданылады. Олар орман өрттерін бақылау, ауа мен су сапасын қадағалау сияқты маңызды міндеттерді атқарады. Сонымен қатар, әлемнің бірқатар елдерінде дрондар жеткізу қызметтерінде, карта жасау мен инфрақұрылымды бақылауда, соғыс жағдайында тиімді құрал ретінде қолданылып келеді.

Отандық дрон өндірісімен айналысып жүрген азаматтардың бірі – Қизат Әсенұлы. Ол дрон жасауға биылғы қаңтар айынан бастап кіріскенін айтады. Бұған дейін техникалық жобалармен айналысып, түрлі көліктерге қажетті құралдарды құрастырып келген ол дрон жасауыдың қыры мен сырына тоқталды.

- Дронды алғаш қашан құрастырдыңыз? Қазір қандай дрон түрлерімен айналысып келесіз?

- Мен бұл салаға осы жылдың қаңтар айынан бастап келдім. Қазір біз ұшақ түріндегі «VTOL» дрондарын жасап жүрміз. Ал жалпы бізде қазір бес түрлі ұшақ түрлі дрондар бар. Әртүрінің әртүрлі ерекшеліктері де жоқ емес. Біреуінде бір мотормен болса, басқа дрон үш мотормен, келесісінде бес мотормен деген сияқты айырмашылықтары бар.

- Жалпы дронмен айналысу ісіне қалай келдіңіз?

- Жоқ, жалпы мен бұл саланы осы жастарға қызық әрі пайдалы контент болсын деп бастағанмын. Кейіннен дрон жасайық деген ой болды. Себебі қазір дрон саласына деген қызығушылық артқан. Енді қазір сол дронды ары қарай тағы дамытуға бар күшімізді салып жатырмыз.

- Жалпы бір дронды жасауға қанша уақыт кетеді? Сондай-ақ, жалғыз жұмыс істейсіз бе?

- Біздің қазір ойлап отырған дронымызды тоқтамай жасасақ он күндей уақыт кетеді. Ал командада әзірге екі адамбыз. Қайрат деген ағамыз дронның программасына жауап берсе,  мен техникалық құрастыру жағына жауап беремін.

- Сіз жасап жатқан дронның функциясы қандай?

- Әзірге дрондарымыздың тек ұшуын тоқсан процентке тұрақтандырдық. Болашақта «ақылды дрон» жасап шығару ойда бар. «Ақылды дрон» дегеніміз – шекара күзетіне, бақылау мақсаттарында, курьерлік тапсырыстарды орындауға бағытталған дрондар.

Бүгін ғана бір дронымыздың камерасын қосып, ұшырдық. Енді алдағы уақытта бір жерге ұшып барып, бір тапсырманы орындап қайтып келетін дронға айналдыруға күш салып жатырмыз. Оны бір айдың ішінде орындап қалармыз.

- Дрондарды құрастыру кезінде бір ең жиі кездесетін қателіктеріңіз қандай? Кей жағдайда дронды құлатып алу да бола ма?

- Бізде қателікт көп. Мысалы, біз қазірге дейін жеті дронымызды құлатып үлгірдік. Көп жағдайда программадан қателік тумайды, техникалық жағынан дұрыс болмай жатады.

Сонымен қатар, біздің ұшу тәжірибеміздің аздығынан да дронды құлатып жатамыз.

- Бір дронға қажетті бөлшектерді қайдан аласыз? Толық бір ұшқышсыз ұшу аппаратының бағасы қанша болады?

- Керекті бөлшектерін әр жақтан алдыртамыз. Мысалы, дрон ішіндегі платаны кейде Америкадан алсақ, Қытайдан алдыртатын бөлшектері де бар.

Ал баға жағына келсек, біз дронды сату үшін жасап жатқан жоқпыз. Негізгі мақсатымыз өзіміздің бір деңгейге жету болып тұр, соны көздеп отырмыз. Жоғары деңгейге жеткен кезде, біз осы қазақтың балаларына дрон жасауды үйретсек пе деген бір үлкен жоспарымыз бар.

- Осы дрон ұшыруда қандай негізгі қауіпсіздік ережелерін сақтау керек? Көп жағдайда дрондарды қайда ұшырасыздар? Құлаған аппарат тұрғындарға қауіп төндірмей ме?

- Иә, біз ауылды, қалалық, аудандық жерлерден алыс аумақта ұшырамыз. Кей бөлшектері адамға өте жақын келсе зақым әкелуі мүмкін. Ал алыс жерде ұшырып, сынақтан өткізгеннен кейін ешқандай қауіпті іс-әрекет тудырмаймыз.

- Шетелдерде дрон саласындағы өзгерісті көріп жүрміз. Қазақстан туралы не айта аласыз?

- Біз шетелдік дрондарды сатып аламыз. Көп жағдайда қорғаныс, әскер саласында дрондарды шетелден алдыртады. Сәйкесінше, дрон программасы сол елдің азаматтары жазғаннан кейін, біз үшін жабық болады. Ол дрондардың программасын пайдалану үшін рұқсат керек. Ал отандық өнім болса программасын да өз азаматтарымыз жазады, тек біз пайдалана аламыз.

- Қазақстанның қай саласында дрон кеңінен қолданылады? Сіз жасаған дронға қай саладан сұраныс көп?

 - Бізге адамдар хабарласып, дрон сұрап жатады. Мал шаруашылығына сұрайтын адамдар көп. «Қазір дайыны болса, сатып алсам» деген ұсыныспен хабарласады. Еліміздің қорғаныс саласынан да түскен сұраныстар болған. Дегенмен, әлі сатылымға шығармадық. Мақсат, жаңа айтқанымдай, белггілі бір деңгейге жету болып тұр.

- Еліміздегі дрон индустриясының болашағы қандай?

- Енді, әрине, қай салада қолдау жақсы болса, сол сала дамиды ғой. Мемлекет тарапынан қолдау, демеу болса біздің бұл дрон саласында әлемнің алдыңғы деңгейіне шығуға болады деп ойлаймын.

- Сұхбатыңызға көп рақмет!


Фото: Қизат Әсенұлының архивінен

 

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Комментарии
Другие материалы