Руханият пен өнер дәуірі: Қазақстанның мәдени саясаты және жаһандық беделі

170
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/MQsY02orKZSzSLRwrMAK9ktWXkOIbQnzvR3Duj6S.jpg

Соңғы жылдары Қазақстан мәдениет саласын елдің стратегиялық дамуының маңызды бағыты ретінде айқындап келеді. Бүгінде мемлекет тек экономикалық немесе технологиялық жаңғыруға ғана емес, қоғамның рухани дамуына, ұлттық құндылықтарды сақтауға және мәдени мұраны заманауи форматта дәріптеуге ерекше назар аударып отыр.

Театрлар мен мәдени нысандарды жаңғырту, жаңа шығармашылық кеңістіктер ашу, кітап оқу мәдениетін дамыту, цифрлық кітапхана платформаларын іске қосу секілді бастамалар осының айқын дәлелі.

Қазіргі таңда мәдениет Қазақстанның халықаралық беделін қалыптастыратын маңызды құралдардың біріне айналып келеді. Қазақ өнерпаздарының әлемдік сахналарда өнер көрсетуі, ұлттық мәдениеттің халықаралық фестивальдер мен ірі форумдарда кеңінен насихатталуы еліміздің рухани әлеуетін танытып қана қоймай, оның заманауи келбетін де айшықтай түсуде. Өнер арқылы елдің ішкі рухани қуаты, ұлттық болмысы мен мәдени тереңдігі көрініс табады.

Бүгін мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениеттің ұлттың рухани тірегі екенін атап өтіп, бұл салаға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау жалғасатынын мәлімдеді. Президент театрларды дамыту, жаңа мәдени нысандар салу, кітап оқу мәдениетін қолдау және «оқитын ұлт» қағидатын нығайту мәселелеріне ерекше тоқталды.

Осы тақырып төңірегінде пікір білдірген Қазақ ұлттық өнер университетіндегі «Фортепиано және орган» кафедрасының аға оқытушысы Салтанат Абильханова Қазақстандағы мәдени саясаттың қазіргі бағытына жоғары баға беріп, өнерге көрсетіліп отырған қолдау елдің халықаралық имиджін нығайтумен қатар, қоғамның рухани дамуына да үлкен серпін беретінін айтты. Оның сөзінше, шынайы өнер адам жанына әсер етіп, ұлттық сана мен рухани құндылықтарды қалыптастыруда айрықша рөл атқарады.

- Бүгін мәдениет қызметкерлерін құттықтаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет – халықтың ұлттық болмысы мен руханиятының негізі екенін айтып, мемлекет өнер, әдебиет, театр және тарихи мұра салаларын жан-жақты қолдауды жалғастыратынын мәлімдеді. Сіздің ойыңызша, Қазақстанның қазіргі мәдени саясаты қандай деңгейде және оның елдің заманауи келбетін қалыптастырудағы маңызы қандай?

- Менің ойымша, бүгінгі таңда қазақ өнері биік белеске көтерілді. Отандық музыканттарымыз, солистеріміз бен өнерпаздарымыз халықаралық деңгейдегі үлкен сахналарда өнер көрсетіп, ел абыройын асқақтатып жүр. Оркестрлеріміз бен жеке орындаушыларымыздың шетелдік көрермендер мен мамандар тарапынан жоғары бағалануы — қазақ өнерінің кәсіби деңгейінің айқын көрінісі. Бұл тек өнер саласының жетістігі ғана емес, сонымен қатар еліміздің рухани дамуы мен мәдени беделінің көрсеткіші. Әсіресе бүгін Мемлекет басшысының қолынан марапат алу біз үшін үлкен құрмет әрі зор жауапкершілік болды. Мұндай жоғары баға өнер адамдарына шабыт беріп, жаңа белестерді бағындыруға, шығармашылық ізденісті одан әрі дамытуға ынталандырады.

Бүгінгі салтанатты сәт ерекше әсер қалдырды. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жүрекке жылулық сыйлады. Бұл күн біз үшін ұмытылмас, қуанышы мен мақтанышы мол ерекше күндердің бірі болды.

- Бүгін Президент «оқитын ұлтты» қалыптастыру Қазақстанның болашағына қатысты маңызды мәселе екенін атап өтіп, Ұлттық цифрлық кітапхана платформасының іске қосылатынын және кітап оқуды қолдауға бағытталған жаңа шаралар қабылданатынын мәлімдеді. Цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде мұның маңызы қандай?

- Мен бұл бастаманы өте дұрыс деп есептеймін. Кітап оқитын ұлт - саналы әрі рухани бай ұлт. Сондықтан кітап мәдениетін дамыту, әсіресе оны цифрландыру арқылы көпшілікке қолжетімді ету - өте маңызды қадам.

Бүгінде балалар кітап оқып, жан-жақты дамуы керек. Олардың өзіндік дүниетанымы, өмірге деген көзқарасы және жеке пікірі қалыптасуы қажет. Ал мұның бәріне кітап үлкен әсер етеді. Кітап оқу арқылы бала тек білім алып қана қоймай, рухани тұрғыдан да толысады. Кітаптағы терең ой мен құнды ақпарат адамның ішкі жан дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді.

Өзіміз де бала күнімізде көп кітап оқып өстік. Ата-анамыз үнемі кітап сатып алып беретін. Үйімізде кітапқа толы үлкен сөрелер болатын. Сондықтан кітап оқуға деген қызығушылық бізге кішкентайымыздан сіңді деп ойлаймын.

Сол себепті кітаптарды цифрландыру, кітап оқу мәдениетін насихаттау орынды әрі қажетті бастама. Мен бұл пікірмен толықтай келісемін.

- Бүгін Президент мемлекет мәдениет саласын қолдауды жалғастырып, жаңа нысандар салу, театрларды жаңғырту және өнер қайраткерлеріне қолдау көрсету жұмыстары күшейетінін айтты. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Асыл мұра» сыйлығы тағайындалмақ. Мұндай мәдени инвестициялар Қазақстанның халықаралық имиджіне қалай әсер етеді?

- Мемлекет басшысының өнер саласына көрсетіп отырған қолдауы өте маңызды деп есептеймін. Президенттің мәдениет қызметкерлерін қолдап, театр өнерінің одан әрі дамуына көңіл бөлуі - ел руханиятына жасалған үлкен қамқорлық. Әсіресе алдағы уақытта жаңа театрлардың салынатыны туралы айтылғаны біз үшін үлкен қуаныш әрі зор үміт сыйлайды. Жалпы, елдегі өнер мен білімнің жоғары деңгейде болуы мемлекеттің ең басты визиттік карталарының бірі. Өйткені әлем кез келген елді ең алдымен оның мәдениеті мен рухани деңгейі арқылы таниды. Сондықтан өнердің биік деңгейде дамуы  ел имиджінің қалыптасуына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Бұл жай ғана мәдени саланы қолдау емес, қоғамға аса қажет рухани құндылықтарға жасалған үлкен екпін деп ойлаймын.

Өнердің адам жанына әсері ерекше. Мысалы, адамдар концертке келіп, ерекше эмоция алып қайтады. Театрдағы қойылымдар туралы айтпағанның өзінде, өзім органист ретінде концерттеріме келген көрермендердің әсерін жиі көремін. Кейбірі музыка арқылы жан дүниесінің тазарғанын айтса, енді бірі Жаратушымен рухани үндестік сезінгенін жеткізеді. Ал тағы біреулер өмірдің маңызды құндылықтары туралы терең ойға бататынын айтады.

Өйткені шынайы өнер адамның жан дүниесіндегі ең нәзік әрі биік сезімдерді қозғай алады. Өнер арқылы адамдар мейірім, жылулық, жақсылық, махаббат секілді өмірдегі ең маңызды құндылықтарды тереңірек сезінеді. Концерттен кейін көрермендердің келіп, өз әсерлерімен бөлісетіні де - өнердің адамға қаншалықты ықпал ететінінің айқын дәлелі.

Сондықтан елімізде өнер адамдарына осындай жоғары деңгейде қолдау көрсетіліп отырғаны өте маңызды деп есептеймін. Бұл  мәдениетті қадірлейтін, руханиятқа мән беретін елдің айқын көрінісі әрі Қазақстанның абыройын танытатын үлкен құндылық.

- Бүгінде мәдениет Қазақстанның әлемдік аренадағы жаңа әрі танымал келбетінің негізгі тіректерінің біріне айналып келеді деп айтуға бола ма?

- Менің ойымша, мұндай мәдени инвестициялар Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін айтарлықтай арттырады. Өйткені өнер мен мәдениет - кез келген мемлекеттің рухани келбетін танытатын маңызды сала. Сондықтан бұл бағыттағы қолдау еліміздің әлем алдындағы абыройына оң әсер етеді деп есептеймін.

Әсіресе Мемлекет басшысының өнер адамдарына, театрларға және жалпы мәдениет саласына көрсетіп отырған қолдауы өте маңызды. Бұл өнерге деген шынайы жанашырлықтың белгісі. Бүгін біз алдағы уақытта жаңа театрлар салынатынын естідік. Мұның өзі мәдениет саласының дамуына деген үлкен үміт сыйлайды әрі еліміздің болашағына деген сенімді арттырады.

Шын мәнінде, мұндай бастамалардың маңызы зор. Бүгінгі кездесуден мен өзім үшін көптеген жаңа мәлімет алдым, ерекше әсер алдым. Сондықтан бұл күн мен үшін өте маңызды әрі есте қаларлық сәттердің бірі болды.

Комментарии
Другие материалы