Украинаның Полтава облысындағы Бильск қалашығы маңындағы Скоробир қорымында археологтар сақ дәуіріне жататын әйел қабірінен жақсы сақталған былғары бас киім мен қола пластиналармен безендірілген белдікті тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
ARTS журналының мәліметінше, бұл жәдігерлер орманды-дала сақ ақсүйектерінің киім үлгісін зерттеуге тың мүмкіндік береді. Археологтар б.з.д. VI ғасырдың соңғы ширегіне жататын обадан шамамен 30–40 жастағы ер адам мен 18–22 жастағы жас әйелдің жұп жерленген орнын анықтаған. Қабір ертеректе тоналғанына қарамастан, әйелдің жанынан сирек кездесетін органикалық бұйымдар – былғары бас киімнің қалдықтары мен қола әшекейлермен көмкерілген белдік фрагменттері сақталып қалған.
Сонымен қатар қазба барысында қола айна, ойын сүйектері, қара жылтыр тостаған және ағаш ыдыстың бөлшектері табылған. Мамандар бұл заттар әйелдің жоғары әлеуметтік мәртебеге ие болғанын әрі белгілі бір ғұрыптық рәсімдерге қатысқанын меңзеуі мүмкін екенін айтады.
Мамандардың айтуынша, ежелгі қорымдардағы былғары сияқты органикалық материалдар сирек сақталатындықтан, бұл олжа ерекше ғылыми құндылыққа ие. Реставраторлар артефактілерді арнайы әдістер арқылы қалпына келтіріп, олардың бастапқы пішіні мен құрылымын сақтап қалған. Зерттеушілер бас киімнің төмен әрі цилиндр пішінді болғанын, көптеген ұсақ қола пластиналармен әшекейленгенін анықтады. Осындай тәсілмен безендірілген белдік те табылған.
Ғылыми зерттеу авторлары мұндай сәндеу техникасы классикалық сақ мәдениетінде бұрын кездеспегенін атап өтті. Оның ұқсастықтары Орталық Еуропаның темір дәуірі ескерткіштерімен, әсіресе қазіргі Хорватия аумағындағы ежелгі мәдени дәстүрлермен байланыстырылады.
Сондай-ақ ДНҚ талдауы жерленген әйелдің Орталық Еуропа тұрғындарымен генетикалық туыстығы болғанын көрсетті.
