Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қазақстанның жаңа Конституциясының заңды күшіне енуіне байланысты қостанайлықтарға құттықтау жолдады.
Өңір басшысы өз үндеуінде жаңа Ата Заңның ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құжат екенін атап өтті. Оның айтуынша, Конституция бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылданып, азаматтардың ерік-жігерін айқын көрсетті.
«Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға. Сондықтан Конституциямызды халықтық деп атауға толық негіз бар», – деді Құмар Ақсақалов.
Сондай-ақ облыс әкімі елімізде жүзеге асырылып жатқан бастамалар қоғамда жаңа құндылықтар мен мәдени ұстанымдардың қалыптасуына ықпал етіп отырғанын жеткізді.
Құмар Ақсақалов жаңа Ата Заңның елдің одан әрі дамуына, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге қызмет ететініне сенім білдіріп, қостанайлықтарды айтулы күнмен құттықтады.
