Қазақстанда криптовалюта айырбастау қызметіне алғашқы лицензия берілді

86
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/CADM3JPaZmYOvn1ZKJPM4zoFhcaGC2xdivJX8Sck.jpg

Қазақстанның Ұлттық банкі криптовалюта айырбастау қызметін жүзеге асыруға арналған алғашқы лицензияны берді. Рұқсатты Pax Finance компаниясы алды. Бұл туралы қаржы реттеушісі өзінің Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Лицензияға сәйкес, компания криптоактивтерді сатып алу, сату және сақтау қызметтерін көрсете алады. Сонымен қатар бөлімшелер ашып, криптоматтар орнатуға құқылы.

Ұлттық банк 2026 жылғы 1 мамырдан бастап Қазақстанда цифрлық активтер нарығына қатысушыларды лицензиялау жүйесі енгізілгенін еске салды. Лицензия беру және тіркеу мәселелері қаржы реттеушісінің құзыретіне жатады.

Forbes Kazakhstan мәліметінше, Pax Finance ЖШС-нің құрылтайшылары:

  • Арман Батаев – аудитор, OD Consulting компаниясының басқарушы серіктесі және Finmentor.kz Telegram-арнасының негізін қалаушы;

  • Азат Бекмағамбетов – кәсіпкер, Paxaro Labs пен PaxWallet.io криптоәмиянының тең құрылтайшысы;

  • Орынгүл Есжанова – Атырау облысындағы мұнай сервистік компаниялармен байланысты кәсіпкер.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, криптовалюта қызметіне лицензия алу үшін компанияның жарғылық капиталы кемінде 50 миллион теңге болуы тиіс. Сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесі, комплаенс-бақылау, клиенттерді сәйкестендірудің заманауи рәсімдері және киберқауіпсіздік шаралары енгізілуі қажет.

Бұдан бөлек, лицензия берер алдында Ұлттық банк компания құрылтайшылары мен бенефициарларының іскерлік беделін тексереді.

Еске салайық, өткен жылдың маусым айында Ұлттық банк криптобиржалардағы әмияндарға байланыстырылған төлем криптокарталары жобасын іске қосқан болатын. Бұл карталар пайдаланушыларға қолма-қол ақшасыз төлем жасауға мүмкіндік береді. Ол кезде «Астана» халықаралық қаржы орталығында бірнеше криптосервис, оның ішінде Binance-тің жергілікті бөлімшесі мен Bybit криптобиржасы тіркелгені хабарланған.

Комментарии
Другие материалы