Лирикалық баритон Ермек Серкебаевтың туғанына – 100 жыл

96
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/wPzNweNw00ce122qVEW2mrFea5S5ynYFPtHaqe8A.webp

Биыл қазақ опера өнерінің көрнекті өкілі, лирикалық баритон, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, профессор Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев 1926 жылы дүниеге келген. Ол Петр Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесін және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған.

Өнер иесі қазақ және әлемдік опера сахнасында көптеген жарқын образдарды сомдады. Оның орындауындағы Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсындағы Абай, Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсындағы Қожағұл, Петр Чайковскийдің «Евгений Онегин» мен «Пиковая дама» операларындағы Онегин мен Елецкий, Джоаккино Россинидің «Севиль шаштаразы» операсындағы Фигаро көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ Евгений Брусиловский мен Еркеғали Рахмадиевтің операларында Ер Тарғын мен Алпамыс батыр бейнелерін шебер сомдады.

Серкебаев театр сахнасымен ғана шектелмей, кино өнерінде де өзін танытты. Ол «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер» және өзге де фильмдерде ойнап, қазақ киносының дамуына үлес қосты. Өнер жолында әлемнің 50-ден астам елінде гастрольдік сапармен болып, қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде танытты.

1947 жылдан өмірінің соңына дейін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында солист қызметін атқарды. Сонымен қатар 1973 жылдан бастап Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында вокалдан дәріс беріп, талай дарынды шәкірт тәрбиеледі.

Ермек Серкебаевтың өнері жоғары бағаланып, ол «Отан», Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Қазан революциясы ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды. Ол КСРО мен Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, халықаралық және бүкілодақтық вокал байқауларының жеңімпазы, «Тарлан» сыйлығының иегері болды.

Комментарии
Другие материалы